Елімізде үш жылда электромобильдер саны 20 есеге жуық артты

Елде электромобильдер көбейіп келеді, деп хабарлайды 24kz.

Қазір Қазақстанның о шеті мен бұ шетінде тоқпен жүретін көліктің 11 мыңға жуығы жүйткіп жүр.

Кейінгі бірер жылда саны еселене түскен электромобильдердің қатары бұдан кейін де арта бермек.

Сөйтіп елдің бұл көлікке ынтызар болуына не себеп? Дыбыссыз техниканың қандай артықшылықтары бар?

Мөлдір Молдағали, тілші:

- Әлемде электромобильдерге деген сұраныс жоғары. Былтыр бұл көліктердің сатылымы әлем бойынша бірінші орынға шықты. Кейінгі үш жылда қазақстандықтардың да таңдауы осыған жиі түскен. Статистика бойынша 2022 жылы елде тек 570 электромобиль болса, биыл олардың саны 20 есеге жуық артты.

Мейіржан Әуелханұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен электромобиль айдаймын жарты жылдан бері. Алматы қаласында электромобиль жүргізуге ешқандай кедергі жоқ. Зарядтау жағынан, автотұрақ жағынан. Үйден зарядтайтын қондырғы орнатып алдым. Бұл жерде автопилоты бар. Жүргізушіге қауіпсіздік көмекші құралдары өте жақсы дамыған. Менің өзім жеке басымды 3-4 рет жол апатынан сақтап қалды. Осы жағы оның артықшылықтары.

Тұтынушылар таңдауы жиі түсетін бұл көліктің тағы бір артықшылығы – үнемділігінде. «Тек электр қуатын шығындайды. Оның өзі де қалтаны қатты қақпайды», - дейді алматылық Мейіржан Әуелханұлы.

Мейіржан Әуелханұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

- Өзімнің бензин көлігіммен бұрын тұрақты күнде қалаға барып келіп қатынап жүрген кезде аптасына 14 мың теңгеге жанармай құямын. Сөйтіп айына 60 мың теңгені бензинге жұмсаймын. Одан кейін әрбір 7-8 мың км сайын мотор майын ауыстырамын. 30 мың км сайын коробка майын ауыстырамын. Ал қазір ондай шығындар жоқ. Қазір 10-12 мың теңге электр қуатына төлеймін болды.

Дегенмен бұл көліктерді қуаттау мәселесіне келгенде жауапкершілік біршама артады. Себебі оның өз талаптары мен ережелері бар. Айталық, 120 шаршы метр аумақта 10 көліктен артық тұруға болмайды. Ескермеген жағдайда өрт шығу қаупі бар.

Аспандияр Сапарғалиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Электромобильдің аса қауіптілігі ол жанған кезде сөндіру үшін көп су қажет болады. Батареясы жанған кезде астында орналасқандықтан, соған жету қиындық тудырады. Одан кейін оттың жалыны 1 метрден 4 метрге дейін жетеді.

Қазір қалада да, далада да көліктерді қуаттау станциялары салынып жатыр. Көлік министрлігі республикалық маңыздағы 25 мың шақырым тас жолға баса назар аударып отыр.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Көбінесе осы электромобильдерді зарядтауға мүмкіндік беретін нүктелер Алматы – Астана тас жолында, Алматы – Астананың бір бөлігі болып келетін Қарағанды – Балқаш тас жолында және де оңтүстік, яғни Астана мен Шымкенттің арасында, Астана мен Алматының арасында және мына оңтүстіктің өзіндегі жолдарда болашақта өте көп салынады. Себебі бұл жолдардың қарқындылығы өте көп және сұраныс өте көп. Сондықтан осы жолдарда пайда болады деген болжам бар.

Әзірге жол бойында 23 қуаттау орны бар. Министрлік бұлардың санын 100-ге жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатта тиісті келісімдер жасалды. Бүгінде жаңадан салынып жатқан жолдар бойында 600-ге жуық алаң дайын тұр.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Ғалымжан Әбділахат