Шетелдік рұқсат бланкілері бір күнде беріледі
Келесі жылдан бастап шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа тетігі іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ. Көлік министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, барлық жұмыс автоматтандырылып, бланкіні беру уақыты қысқарады.
Бұл өз кезегінде адами факторды жойып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді.
Шетелге жүк тасу оңай емес. «Ал жүктің құжаттарын рәсімдеу одан да қиын», – дейді тасымалдаушылар. Мәселен, жүк көліктеріне берілетін шетелдік рұқсат бланкін алу үшін аптадан аса күту қажет. Келесі жылдан бастап бұл қағаз бір күнде берілмек және өтінішті қарастыру мерзімі екі күннен 40 минутқа дейін қысқарады.
Бақытжан Качаков, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
- Шешім қабылдау мәселесі толықтай автоматтандырылады. Яғни, ол дегеніміз не? Бұрындары біздерде жүргізушілер, мысалы, өтінім береді ғой ЦОН арқылы. Сосын барып күтеді. Екі күннен кейін жауап келеді, рұқсат қағазы «жоқ» деген. Яғни, ол, былай айтқанда, екі күн жоғалтып алды. Одан басқа да, мысалы, егер ол рұқсат алған болса, ол қарастыруға тағы да бес күн алады. Яғни, жалпы айтқанда 8 күн, оның барлығын бір күнге дейін қысқарттық.
Қазір рұқсат бланкін беруде ірі компаниялар басымдыққа ие. Яғни, компанияның тарихына, халықаралық тәжірибесіне назар аударылады. Жаңа механизм кез келген тасымалдаушының жұмыс істеуіне жол ашады. Бұл қадам нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге тиіс. Ал олардың қызметін «Бүркіт» ақпараттық жүйесі қадағалайды.
Бақытжан Качаков, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
- Егер де, мысалы, ол деген қағазын алып, егер шықпаған болса, яғни ол машинаға, сол компанияның машинасына шектеу қойылады. Ал менің айтып отырғаным. тағы да егер сол компанияның үш машинасы солай шықпайтын болса, компанияға шектеу қойылады. Рұқсат қағазын алдың ба, шығуың керек. 30 күн беріледі. 30 күнде шығады, сосын шетелде жүріп, алатын тауарларыңды алып, апаратын тауарларыңды апарып, осын қайтып келуі керек. Қайтып келіп, тапсыруы керек.
Бүгінде тасымалдаушыларға таза бланк беріледі. Алайда оны өзгеге сатып жіберетіндер де бар. Енді бланкіге компанияның атауы мен көлік номері жазылады. Тасымалдаушылардың айтуынша, саладағы өзгеріс жұмыс сапасын көтеруге тиіс.
Парвиз Мамедов, Әзербайжан азаматы:
- Мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасуды оңтайландыру біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Мәселен, Әзербайжаннан Алматыға немесе Астанаға жету үшін бір апта жүру керек. Ал жолға шығуға рұқсат алу үшін тағы 8 күнге дейін күтеміз. Жаңа механизм бойынша рұқсат қағазын бір күнде алуға болады. Бланкіде компанияның атауы мен номері көрсетілетіні де бізге өте тиімді болмақ.
Әлішер Әбенов, тасымалдаушы компания қызметкері:
- Қазақстанда жыл санап нарық дамып келеді. Көрші елдерде бәсекелестер көбейді. Сондықтан бізге құжаттарды жедел рәсімдеу маңызды. Біз Қытайдан Еуропаға, Ресейге тауар тасимыз. Орта есеппен айына 30 рейс жасаймыз. Ал бір сапардың құжатын түгендеуге бір аптаға дейін уақыт қажет. Кейде одан да ұзаққа кешігеді. Ал құжаттар тез әзірленсе, сапар да саны өсетініне сенімдімін.
Қазақстан 42 елмен рұқсат бланкін алмасады. Биыл 360 мың бланкіден асып, рекордтық межеге жетті. Оның ішінде 190 мыңы Қытайға тиесілі.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Бағдат Қайыркен.