2025 жылы айыппұл көлемі қаншалықты өседі?
Келесі жылдан бастап айыппұл көлемі өседі, деп хабарлайды 24KZ. Жұртшылық осыған қатысты түрлі пікір айтып жатыр.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Жаңа жылдан ет үйренген кей әдеттер «бейәдеп» деп қабылдануы мүмкін. Тіпті сол үшін айыппұл арқалайсыз.
Мәселен, үйден шығарда үймедей қоқысты ала кету – көбімізге сүйексіңді дағды. Ал егер кежегеңіз кері тартып, оны есік алдына немесе подъезге тастап кете барсаңыз, кемі 78 мың теңге айыппұл төлейтініңізді ұмытпаңыз.
Бүгінгідей тұнық ауада сыртта серуендеп, бой жазудың өзі ғанибет. Бірақ мұнда да ескерер бір дүние бар: қоғамдық жерде алда-жалда түкірінуден сақтаныңыз. Бір сөзбен, түкірігіңіз жерге түспесін деп тілеңіз.
Қара жерге қақырыну былай тұрсын, қоғамдық орында аузыңыздан былапыт сөз шықса, мұның арты қып-қызыл айыппұл екенін біле жүріңіз және ұстаз бен дәрігерді кемсітіп, балағаттауға да тыйым салынғанын тағы бір рет ескерте салайық.
Сондай-ақ қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуден жалтаратын жылпостарға да жаза қатаң. Жолдың белгіленбеген бөлігін кесіп өтетіндерге де дәл осындай айыппұл салынбақ.
Темір тұлпар иелері жадына түйіп жүретін бірер жайт бар: Егер қолыңызда көлік айдау құжаты болмаса, онда шаруаңыз қиын дей беріңіз. Ал желмен жарысатын жүргізушілерге бұдан былай 19 мыңнан 117 мың теңгеге дейін айыппұл салынбақ. Сонымен қатар рөлде келе жатып, телефон қолдансаңыз не қауіпсіздік жайын мүлде қаперден шығарсаңыз, қомақты айыппұл арқалайсыз.
Қонағын құдайындай күткен халықпыз. Алайда көршілеріңіздің шамына тиіп жүрмеңіз. Себебі заң бойынша түнгі 10-нан кейін мүлде тыныштық бұзуға болмайды. Әйтпегенде тағы айыппұл.
Ал қолымдағы мына ту секілді рәміздерді қорлау мемлекеттің қадір-қасиетін таптаумен тең. Осы айтқанымды мықтап есте сақтаңыз. Сонда 11 млн 796 мың теңге айыппұл төлеуден аман қаласыз.