Сырғанақта жарақат алғандар көп
Қостанайда 29 адам орталық сырғанақта түрлі жарақат алған. Алты бала миы шайқалып, бас сүйегі зақымданған деген диагнозбен ауруханаға жатқызылды. Тіпті бір жеткіншек жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер қазір оның жағдайы қалыпты деп отыр.
Балалар үшін қыс маусымының бір қызығы – сырғанақ тебу. Бірақ көпшілік жерде қатты мұзда сырғану қауіпті екендігін ескере бермейтініміз өкінішті. 16 жасар Салтанат Аулабаева да өткен сенбі күні бір нәрсеге ұрынамын ойламағаны анық. Достарымен сырғанақ тебуге келген жас қыз ауруханадан бір-ақ шықты. Қатты соққыдан миы шайқалған.
Салтанат Аулабаева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Сырғанаққа мен достарыммен бірге барғанмын. Артымнен ер балалар сырғанып келе жатты. Жолдарынан кетіп үлгірмедім. Қатты жылдамдықпен соққанда мені алысқа ұшырып жіберді. Соққы басыма тисе керек, көзім қарауытып, тұра алмай қалдым.
Орталықтағы сырғанақты соншалықты биік дей алмаймыз. Сапасыз деуге тағы келмейді. Кәдімгі әдеттегі мұз сырғанақ. Бұл жерде бар пәле, қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдарынан болып тұр –дейді жергілікті тұрғындар. Жанталасып, бірін-бірі баса көктеп сырғанудың соңы оқыс жағдайға ұрындырып жатады.
Жандос Молдағали, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Көбінесе сырғанаған кезде балалар және үлкен кісілер тепе-теңдікті сақтамайды. Сосын тұрып сырғанайды. Үлкен кісілер, ата-анасы қадағаламайды. Өздерімен өздері. Балалар сырғанап, қыдырады да келеді. Сол кезде құлайды. Нешетүрлі жарақаттар алады.
Қазіргі кезде сырғанақта жарақат алған алты бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Қазір олардың жағдайы қалыпты. Дәрігерлер «алдағы демалыс күндері ондай оқыс оқиғалар тағы көбейіп кетуі мүмкін», - дейді.
Мирас Елжасов, Облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімінің меңгерушісі:
- Өткен сенбі күні 50 адам түрлі жарақатпен түссе, соның 17-і орталық сырғанақта зақым алғандар. Ал жексенбі күні 48 адам жеткізілді, соның 12-і тағы сол сырғанақта болған. Былайғы күндері 3-4 адамның сырғанақта жарақат алуы әдеттегі құбылысқа айналды.
Жыл қорытындысына арналған брифингте облыс басшысы да бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, сырғанақтардың қауіпсіздігін тексеруге тапсырма бергендігін айтты.