Заңсыз айналымға түскен 200 қорап пиротехника тәркіленді

Шығыс Қазақстанда заңсыз сатылымға түскен 200 қорап пиротехникалық бұйым тәркіленді. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша бұл қауіпті заттар Өскеменнің қақ ортасында саудаланған. 

Оның үстіне оны сақтау талаптары да өрескел бұзылған. Қазір кәсіпкерлерге айыппұл салынды. Мамандардың сөзіне сүйенсек облыста пиротехника өнімдерін сатуға бар болғаны 4 фирманың ғана лицензиясы бар.

Өскеменнің базарына келген погонды тұтынушылардың іздегені бір зат. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар заңсыз сатылымға түскен пиротхеникалық бұйымдарды тәркілемекші. Өйткені таразы басында адам өмірі тұр. Сондықтан «жаңа жыл жақындаған сайын мұндай рейд шараларын күшейтпеске амал жоқ», - дейді олар.

Аслан Закиров, ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

- 20 әкімшілік хаттама толтырылды. Көбінесе заң бұзушылықтар Өскемен қаласы мен Глубокое, Ұлан аудандарында анықталып жатыр.

Ай басынан бері өлкеде, лицензиясы жоқ, қатері көп 200 бірлік пиротехника тәркіленді. Мұндай жағдайда кәсіп иесіне 70 мың теңге көлемінде ғана айыппұл салынады. Бұны көптеген саудагарлер місе тұтпайды. Сондықтан болар облыс орталығындағы базарда  қауіпті өнімдер еркін сатылып жатыр. Өрт сөндіру бөлімінің инспекторлары болса пиротехниканың ойыншық емес екенін ексертеді.  Оны іс-жүзінде дәлелдеп те берді.

Шала жанған пиротехникаға жолауға болмайды. Жыл басында Өскеменде 15 жастағы жеткіншек жолда жатқан отшашуды атып көрмек болып, қолын жаралаған жағдай да тіркелді. Мамандар бұл заттарды қолданудың, сатып-сақтаудың да талабы бар екенін айтады. 

Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД Өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Пиротехникалық бұйымдарды сату арнайы мамандандырылған дүкендер мен дүңгіршектерде сату керек және оны сақтау барысында оған тікелей күн көзі түспей, жаңбыр түспеу қажет. Ал отшашудың өзіне келетін болсақ, оны қолданар алдында  біріншіден нұсқаулықпен танысып, әрі қарай  адамдарға, ғимараттарға автокөліктерге бағыттауға тыйым салынады.

Осы күнге облыста 350 рейд өткізілді. Арнайы топ мерекелік демалыстар өткенше  қауіптің алдын алу шараларын жалғастыра бермек.