Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары басталды

Қарағанды облысында су тасқынына дайындық жұмыстары басталып кетті.

Қаңтар айының 15-нен бастап төтенше жағдай қызметкерлері елді мекендерді аралап, жағдайды бағдарлайтын болады. Облыста 3 мың тонна жанар-жағармай, 15 мың тонна азық-түлік қоры және 50 мың тонна инертті материал дайындалған. Су жүру қаупі басым 65 шақырым жерге бөгет жолдар үйілді. Өзен арналарының 18 шақырым осал тұсы бекітілген. Жол бойындағы құбырлардың да уақытылы қарын тазалау бақылауда болады. Ерте көктемде өзендердің мұзын жару жұмыстарын істейтін жауаптыларды анықтау үшін конкурс құжаттары әзірленіп жатыр.

Роллан Есмағанбетов, Қарағанды облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Жеке бір инженерлік жоспар құрылды. Ол жоспар аясында осы күнге дейін Қарағанды обылсы бойынша 180 инженерлік іс-шаралар аяқталды. Енді бұл жерде ең қауіпті учаске Шет ауданы болып табылады. Осы 2024 жылы Шет ауданында су алған елді мекендердің барлығы инженерлік құралдармен жабдықталып, орнатылды.