Ұшақ апаты: Қырғыз елінен делегация келді
Ақтау ауруханасында жатқан қырғызстандық жолаушылардың хәлін білу үшін бауырлас елден аймаққа ресми делегация барды. Екі ел дәрігерлері науқастарды Отанына қайтару мүмкіндігін талқылады. Әзербайжан тарапы да қалған үш отандасының жағдайын бақылауда ұстап отыр.
Ақтау ауруханасына түскен жолаушылардың үшеуі Қырғызстан азаматы. Солардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша жағдайы ауыр. Ал қалған екеуі травмотология бөлімінде.
Тілек Османов, Апатқа ұшыраған ұшақтың жолаушысы:
- Аллаға шүкір, жақсы барлығы. Жедел жәрдем ауруханаға келдік. Үш қырғыз бірге келгенбіз. Ағайынбыз екеуміз. Дәрігерлер бірден тексерді. Қолыма гипс салды. Інімді жансақтау бөліміне алып кетті.
Эрлан Джунушалиев, Апатқа ұшыраған ұшақтың жолаушысы:
- Бір кезде қарасам Каспийдің жиегі көрінді. Жолға қонамыз деп ойладым. Әуежайға жақындағанда пилоттар әрекет жасады. Жетпей қалдық, қатты соққы болды. Қалай құтқарушылардың келгенін білмей қалдық. Досым келіп белдігімді шешіп, суырып шықты. «Кімсіңдер?» деп сұрасақ, «қазақпыз» деді. Біз басқа мемлекетке келдік деп ойладық.
Қырғыз елінің делегациясы құрамында апаттан зардап шеккендердің туыстары, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі, әскери дәрігер сияқты мамандар бар. Олар отандастарының жағдайын тексеріп, жергілікті дәрігерлермен бірге тасымал жөнінде талқылады.
Алмазбек Асанов, Қырғыз Республикасының ТЖМ басқарма бастығы:
- Қазір конселиум болып жатыр. Дәрігерлер шешім қабылдайды. Дәрігерлер шешім қабылдағаннан кейін қосымша мәлімет береміз. Жараланған жолаушылардың бәрі сауығып кетсін! Ұшақ құлағанда ең бірінші болып келген құтқарушылар, дәрігерлер, аэропорт қызметкерлеріне үлкен разылық білдіреміз.
Ал Әзербайжан тарапы бұған дейін Ақтау ауруханасындағы 14 отандасын алып кеткен еді. Ауыр хәлдегі үшеуі ғана осында қалды. Қазір ағайынды елден тағы дәрігер келіп, олардың жағдайын бақылап отыр.
Исмаил Алиев, Әзербайжан елінен келген анестезиолог-реаниматолог дәрігер:
- Клиникалық көрсеткіштер мүмкіндік берген бойда оларды Бакуге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Отандастарымыз дер кезінде көрсетілген алғашқы медициналық көмектің арқасында аман қалды. Осындай көмек берген қазақстандық әріптестеріме алғыс білдіремін.
Ақтауға Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығының, сондай-ақ мемлекетаралық авиация комитетінің өкілдері ұшып келді. Апат болған аумақта тергеу амалдары жалғасып жатыр.