FlyArystan мереке кезінде саяхаттаушыларға кеңес берді

Жаңа жыл қарсаңында еліміз бойынша түрлі бағытта жолаушылар ағыны арта түсетіні белгілі.

Әсіресе қысқы маусымда ауа райының құбылмалылығы  авиацияда түрлі қиындықтарға әкеледі. Сондықтан FlyArystan әуе компаниясының мамандары мереке күндері ұшақпен саяхаттауды ыңғайлы ету үшін маңызды кеңестермен бөлісті. Айта кетейік 1 қаңтардан бастап FlyArystan компаниясының әуебилеттерінде және әуежай таблосында бұрынғы KC орнына жаңа әуетасымалдаушы коды-FS көрсетіледі.

«Айшылық алыс жерлерге» көзді ашып-жұмғанша жеткізетін әуе қызметіне жүгінетіндер көп. Себебі қазір уақыт пен ыңғайлылық маңызды. Дегенмен кейде рейстер кешігіп, жолаушының жолы бөгелетіні де бар. Бұған көбіне ауа-райының қолайсыздығы себеп болып жатады. Бір бағыттың кестесі өзгерсе, бұл басқа рейстерге де әсер ететіні сөзсіз. 

Асылхан Асан, FlyArystan әуекомпаниясы Жердегі жедел қызмет көрсету менеджері:

- Біз әрқашан жолаушыларымыздан ауа райына байланысты кешігулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз, себебі ұшу қауіпсіздігі FlyArystan-ның басты басымдығы. Тіпті әуежайда ауа райы жақсы болғанымен рейс кестесіне оның қонатын әуежайында мәселелер тұман салдарынан көрініс деңгейінің төмендеуі немесе мұз қатпауы үшін жасалатын өңдеудің орындалмауын атап өтуге болады.

Мереке күндері әуежайда қосымша жүктеме көбейеді. «Тіркеу, тексеру шараларына әдеттегіден ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан әуежайда уақыт пен қаражатты үнемдеу үшін жолаушылардың онлайн тіркеуден өткені тиімді», - дейді мамандар.

Асылхан Асан, FlyArystan әуекомпаниясы Жердегі жедел қызмет көрсету менеджері:

- Тағы бір маңызды кеңес – кешігулерді болдырмау үшін отырғызу талондарын қолжетімді жерде сақтап, оларды отырғызуға дейін бүктемеу қажет. Біздің лоукост бизнес моделі ұшақ билеттерінің төмен бағасын ұсынады, ал қосымша қызметтер жеке рәсімделіп, бөлек ақы төленеді. Бұл біздің тарифтерді қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Жүктерді талапқа сай рәсімдеу де алаңсыз сапардың бір бөлігі. Қолжүк және жолжүкті тасымалдау ережелері лоукостерлерде өте маңызды. Олардың өлшемдері әуекомпанияның стандарттарына сай келуі тиіс. Қажет жағдайда жолжүкті алдын ала тіркеп, қолжүк нормасын арттыруға мүмкіндік бар.