Қызылорда қаласын тазалауға күн сайын 500 адам жұмылады

Қызылорда еліміздегі ең таза қалалар қатарына енді.

Көше мен ауланы мұнтаздай ету үшін күн сайын 500-ге жуық жұмысшы жұмылады. Солардың бірі Баян Сқақова. Жасы алпысты алқымдап қалса да, қолынан құрал-сайманы түспеген еңбекқор жанмен әріптесім Нұрлан Жақыпбек кездесті.

Қала тазалығына жауапты мекеме жұмысшылары қоқыс жинаумен қатар, жаяу жүргінші жолын мұз бен қардан тазарту жұмысын қатар атқарады. Тұрғындар Жаңа жылға орай безендірілген бас шырша маңында, арбат бойында жиі серуендейді. Бүгін Баян Сқақованың бөлімі осы маңды қалыпқа келтіруге кірісті. 13 баланы тәрбиелеп өсірген 58 жастағы «Батыр ана» бұл салады 20 жылдан бері тер төгіп келеді.

Баян Сқақова, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшысы:

- Мен өзімнің тазалықта жұмыс жасағаныма ешқандай ренішім жоқ. Өкінішім жоқ. Ұялмаймын. Себебі бұл жұмыс имандылық жұмысы  деп есептеймін. Қанша халыққа мен жүріп-тұруыма, жақсы жерде өмір сүруімізге ықпал жасап келемін. Қолымнан келгенше, әрине айлығымды алып отырмын ғой, ай сайын. Дегенменде, өзімді мақтан тұтамын, имандылық жұмыспен айналысып жүргенімізге.

Асай-мүсейін асынған Баян Сқақова күн сайын қаланың кез-келген жеріндегі тазалық жұмысына қатысады. Мекеме жұмысшыларына қоғамдық көлікте жүру тегін. «Мұндай шаралар, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді»,-дейді мамандар. 

Гүлзинат Жұмабекова, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің сектор меңгерушісі:

- Мекемеде 500-ге тарта қызметкерлер бар. Оның басым бөлігі осы жұмысшылар болып табылады. Себебі бізде жұмыстың ауқымының барлығы осы көбіне жұмысшыларға байланысты. Барлығымыздың үлкен ауызбіршілігіміздің, жауапкершілігіміздің арқасында қазіргі таңда республика бойынша жетістікке жетіп отырмыз деп мақтана аламыз.

Ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген Баян Сқақова «жұмыстың жаманы жоқ» деген қағиданы өмірлік қазығы еткен. «Адал еңбекпен келген табыстың қашанда берекесі бар», - дейді алтын құрсақты ана. 

Баян Сқақова, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшысы:

- Барлықтарыңызға келе жатқан 2025 жыл құт-берекесімен келсін. Алла несібемізді молайтсын. Әрбір отбасыға бақыт әкелсін. Еліміз-жұртымыз аман болсын. Айымызды, жерімізді, күнімізді, суымызды аман қылсын. Алла бақыт-байлығымызды берсін! 

Еңбекқорлығымен көпке үлгі болып жүрген ана тілегінен асқан ештеңе жоқ.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев