«ҚазМұнайГаз» компаниясы Оралда спорт кешенін салды
«ҚазМұнайГаз» компаниясы әлеуметтік жауапты компания ретінде білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларында түрлі жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.
Компанияның қолдауымен өңірлерде салынған нысандар қатары жыл санап толығуда. Мереке қарсаңында Оралда көпбейінді спорт кешені пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бой көтерген нысанда өскелең ұрпақтың спортпен жан-жақты айналысып, жоғары жетістіктерге жетуіне барлық жағдай жасалған.
10-ықшам аудандағы көп бейінді спорт кешенінің алғашқы қадасы былтыр шілдеде қағылған еді. Зәулім нысан жыл жарым уақытта бой көтерді. Құрылыс қысқа мерзімде сәтті аяқталды, қажетті қаржы, яғни 20 млрд теңгені «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бөлді.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен беріліп жатқан үлкен кешен көп бейінді спорткомплекс 20 мың шаршы метр тек қана Батыс Қазақстан өңірі емес, елімізге, бүкіл Қазақстанға маңызды кешен деп ойлаймын. Барша Ақжайық тұрғындарын құттықтаймыз!
Жаңа кешенде бір мезгілде 300-ге жуық адам спорттың 16 түрімен алаңсыз айналыса алады. Кешеннің жалпы аумағы 4 гектарды алып жатса, ғимараттың көлемі 20 мың шаршы метр. 1200 орындық көрермен трибунасы, бірнеше жеңіл атлетика залы, 25 метрлік бассейні бар. Салтанатты шарада сөз алғандар жаңа нысанның өңір спортын дамытуға тың серпін берерін атап өтті.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Заманауи инвентарь жасалған. Халықаралық ареналар стандарттарға сай көріп отырмыз. Осының бәрі ел игілігі үшін. Жаңа спорт және дене шынықтыру заңнамасы аясында әр өңірдің географиялық орналасуы, өңірлердің осындай инфрақұрылымына қарай басымды спорт түрлерін анықтайтын боламыз.
Жаңа нысанда оралдықтар волейбол, баскетбол, футзал, қол добы, бокс, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, садақ ату, үстел теннисі, жүзу, шыңға өрмелеу сынды спорт түрлерімен шұғылданбақ.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов