Өскеменде әлеуметтік қызметкерлер қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлады

Өскемендегі әлеуметтік қызметкерлер жалғысбасты зейнеткерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қарияларға қамқорлығы мен мейірім сыйлаған жанның бірі – Ләйлә Сағымбаева.

Өскеменде бір әлеуметтік қызметкер шамамен 10 зейнеткердің тұрмыстық қажеттілігіне көмек көрсетеді. Жүктеме шамадан тыс болса да, олар артық ақы сұрамайды. Ләйлә Сағымбаева да 18 жылдан бері осы салада тер төгіп келеді. Оның қамқорлығындағы жандар өз отбасының бір мүшесіндей болып кеткен.

Ләйлә Сағымбаева, әлеуметтік қызметкер:

- Біз ол кісілерге әртүрлі психологиялық, моральдық және материалдық жағдайда көмектесеміз. Тамақтарын әкеліп береміз, дәрі-дәрмектерін әкеліп береміз, үй жағдайында көмек болса, соларға көмектесеміз.

Зейнеткер Валентина Александрова Ләйләны өз қызындай көреді. Түрлі мерекелерді бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырған.

Өскеменде мың екі жүзден астам қария мен мүмкіндігі шектеулі жан әлеуметтік қызметкердің көмегіне мұқтаж. Бұл міндетті атқарып жүрген мамандарды – бесаспап деуге болады. Еңбегіне адал жандар қарттардың үйіне тиісті кестеге сай бір аптада екі рет қана емес, жиі бас сұғып тұрады.  

Валентина Александрова, зейнеткер:

- Бұл қыз өзімнің қызым сияқты. Кез-келген уақытта хабарласады, не қажет деп сұрап тұрады. Барлық тапсырыстарымды орындап береді. Бұл – мен үшін өте үлкен көмек.

Әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі қашанда бағалы.  2021 жылдан бастап елдегі осы саладағы 38 мың қызметкердің еңбекақасы екі есе көбейді. Сонымен қатар, қайта даярлау және тренингтер арқылы біліктілік арттыруға басымдық берілген.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин