Қызылорда облысында газдандыру көрсеткіші 78% жетті

Биыл Қызылорда облысында ауылдарды газбен қамту үшін құны 30 миллиард теңге болатын бірнеше жоба жүзеге асты. Тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 78%-ке жетті. Ақжарма ауылының тұрғындары да енді пеш жағып, күл шығармайды. Екі жарым мыңдай тұрғыны бар елді мекенді газға қосу рәсімі салтанатты жағдайда өтті.

Ақжарма ауылдық округінің 60 жылдық тарихы бар. Мұнда 500-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Елді мекенге газ тарту жұмысы биыл тамыз айында басталған. Төрт айда құрылыс толық аяқталып, ауылдықтар көгілдір отын игілігін көре бастады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Жылдың басында осы ауылда 400 мллион теңгеге жуық қаражатқа ауылдық амбулаторияны ауыл елбесігі аясында біз ашқан болатынбыз. Міне, жылдың соңғы күні ауылға көгілдір отын келіп жатыр. Ауылдың жолдары жөнделіп жатыр. Осыдан 1-2 жыл бұрын жаңа мәдениет үйі салынды. Осы жердегі мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ауылда қазір барлық жағдай қарастырылған деп айтуға болады.

Шырынкүл Ізтілеуова ауылда 40 жылдан бері тұрады. «Күн сайын бірнеше мәрте пеш жағылмаса, үйдің іші суып кететін еді. Қыстан қысылмай шығу үшін 7 тонна көмір сатып аламыз. Ал ас әзірлеуге газ баллонын қолдандық. Енді бұл бейнеттен құтылып отырмыз», – дейді зейнеткер. 

Шаранкүл Ізтлеуова, Ақжарма ауылының тұрғыны:

- Шанамен отын таситын едік. Қазір енді, шүкір, мінекей, көгілдір отын келіп, жағып жатырмыз. Үйіміз бірқалыпты жылы. Бұрынғыдай от жақпайсың. Күйе болмайсың, қолың, басың. Қазір, шүкір, бәрі таза, үй де таза қазір.

Биыл өңірде ауылдарды газдандыру үшін құны 30 миллиард теңге болатын бірнеше жоба жүзеге асты. «Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 78 %-ке жетті», – дейді мамандар. Келесі жылы аймақта тағы 10 ауылға газ құбырын тарту жоспарланған.