Семейлік теміржолшылар 2025 жылды жұмыста қарсы алады
Антына адал, қызметіне құрметпен қарайтын жандар. Бүгін дәрігерлер, құтқарушылар мен теміржолшылар да мерекені ысырып қойып, халық игілігі мен қауіпсіздігі үшін жұмыс істейді. Мысалы, Семейдегі локомотив пайдалану депосында 50-ге жуық адам 2025 жылды жұмыста қарсы алады.
Жаңа жылға санаулы сағаттар ғана қалды. Өңір тұрғындары шырша безендіріп, дәмді тағамдарын әзірлеп, мерекені отбасымен қарсы алуға асық. Бірақ жаңа жылды жұмыста өткізетіндер де бар. Берік Көпбаев ел жатқанда жатпайды. Халық қамы үшін тыным таппайды. Биыл екінші жыл қатарынан мерекені жұмыста қарсы алады.
Берік Көпбаев, тепловоз машинисі:
- Елге мейрам болса, бізге жұмыс. Бұның да жақсылығы болады. Мысалы, жаңа жылға асығып жүрген кісілерді біз осы Семейге әкеліп жатырмыз. Жаңа жылды уақытында, үйінде қарсы алсын деп жанұясымен. Әр жұмыстың ерекшелігі. Біздікі бірінші жол қауіпсіздігі болса, екіншіден, жолаушылар қауіпсіздігі.
Берік Көпбаевтың теміржол саласында ширек ғасыр еңбек етеді. Бұл кәсіпке бала күнінен қызыққан. Себебі әкесі мен ағасы да – теміржол саласының мамандары. Жалпы Семей локомотив пайдалану депосында жаңа жыл түні 50-ге жуық адам кезекшілікте қалады.
Серік Дүйсенбаев, Семей локомотив пайдалану депосы кәсіподақ комитетінің төрағасы:
- Бір пойызда мыңдаған жолаушыларды машинист теполовоза мен машинист көмекшісі қалаған жеріне жеткізу үшін осы кісілердің қолында барлық жауапкершілік. Сондықтан жол қауіпсіздігін сақтай отырып, осы кісілер пойызды станциядан станцияға жеткізеді
Семей локомотив пайдалану депосында 400-ден астам адам жұмыс істейді. Жаңа жылды жұмыста қарсы алатын қызметкерлердің көңіл күйі керемет. «Мереке түні үйлеріне асыққан жандарды діттеген жерлеріне аман-есен жеткізу басты міндетіміз», – дейді олар.
Асхат Елубаев, Семей локомотив пайдалану депосының бастығы:
- Құрметті отандастар, жаңа жыл жаңа жоспарлар мен жетістіктердің бастауы болып табылады. Алдағы жылы да Семей локомотив пайдалану депосы сіздермен бірге сенімді серіктестеріңіз ретінде қызмет етуді жалғастырады. Біздің басты міндетіміз – пойыздар қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жолаушы жүк тасымалын жүзеге асыру. Келе жатқан 2025 жыл еліміз үшін табысты әрі сәтті жыл болсын.
Жұмыста қалғандардың барлығы жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен, таза, тың ойлармен қарсы алуға тырысады. Қызметіне ыждағатпен қарайтын мамандық иелері қашанда құрметке лайық. Ендеше кезекшілікте кедергі болмасын дейміз. 2025 жылдың сәтті күндері көп болсын!
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.