Шаңғыны жалға беру бөлімінің қызметкері жаңа жылды Шымбұлақта қарсы алды
Елдос Құрсабаев Шымбұлақта шаңғыны жалға беру бөлімін басқарады.
Мекемеде жұмыс істеп жатқанына жеті жыл. Қазір нағыз қарбалас. Шаңғымен сырғанаушылар көп. Әр адамның бойы мен салмағына, жасына қарай аяқ-киім, шаңғы мен сноуборд беріледі. Олардың сапалы болуын Елдос қадағалайды. Жыл сайын шаңғы мен сноубордтың 15-20 пайызы жаңартылады. Сонымен бірге Елдос демалушыларға спорттық құралды қолдануды түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін айтады.
Елдос Құрсабаев, шаңғыны жалға беру бөлімінің басшысы:
-Инструкторға қаражаты жетпей немесе инструкторға барғысы келмей жатқан адамдар көп. Олар шаңғыны үйренбей таудың ең жоғарғы жағына шығып, кішкене қиналып қалады. Сондай жағдайды болдырмау үшін біз өз күшіміз келгенше оларға кеңес береміз. Ол жаққа шықпаңыздар төмен жақта арнайы сырғанайтын жерлер бар. Сол жерлерге барыңыздар деген сияқты.
Соңғы жылдары елімізде тау-шаңғы спортына қызығатын, белсенді шұғылданатын адамдардың саны артты. Елдостың айтуынша бір күнде мыңнан астам адам келіп, шыңға шығып, шаңғымен сырғанайды. Кешен таңғы 7-ден түнгі сағат 1-ге дейін жұмыс істейді. Сондықтан қызметкерлерге Жаңа жыл мерекесін жұмыста қарсы алу қалыпты жағдайға айналған.
Елдос Құрсабаев, шаңғыны жалға беру бөлімінің басшысы:
- Шымбұлақ тау курортында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жаңа жыл мерекесі тек қана 31 күні түнгі сағат 00:00-де бір-бірін құттықтау отбасында. Сосын 3-4 сағат ұйқы, таңертең қайтадан жұмысқа келу. Біздің жұмысымыз 1 қаңтар күні сағат 05:30, 06:30-да басталады.
Тау-шаңғы курортының ең биік жері Талғар асуы. Теңіз деңгейінен 3200 метр биіктіктегі шатқал шаңғы тебуге таптырмас жер. Көркем табиғатын тамашалауға алыс-жақын елдерден туристер келеді. Әсіресе Қытай, Үндістан, араб елдерінен саяхатшылар көп.
Ахмад Султан, Абу-Даби қаласының тұрғыны:
- Қазақстанның таулы аймағында шаңғы тебуге қажетті жағдай жасалғанын көрдім. Шымбұлаққа келу мақсат еді. Міне шаңғымен сырғанап биік шыңнан түсіп, керемет әсер алдым.
Гөзел Мыңжан, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Мен Ақтөбе қаласынан келдім осы Шымбұлақ үшін. Өте ұнайды. Күшті. Таңғы уақытта келеміз әсіресе. Сағат кешкі 5-терге дейін боламыз осы уақытта.
Шымбұлақ жаңа жыл мерекесін өткізетін танымал туристік мекенге айналды. Былтыр қаңтардың алғашқы күндері шаңғы тебуге он мың адам келген. Елдостың болжауынша биыл да аз болмайды.
А.Садуақас, С.Бейсекенов