Қ.Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысты да пікір білдірді. , деп хабарлайды 24kz.

«Тәртіп орнатуға және ахуалды тұрақтандыруға қатысты батыл шаралар қабылдаған соң мен құзырлы органдарға Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бердім. Тергеу ашық жүргізілді. Қылмыскерлер жазасын алды. Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды. Бірақ жауапкершіліктен жұрдай саясаткерсымақтар шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратқан. Десе де, азаматтардың көбі күріштен күрмекті айыра алады. Бір нәрсе анық, сол кезде тәртіпсіздікті бастаған және төңкерісті ұйымдастырған адамдардың қимылына дереу тосқауыл қойып, батыл әрекет жасамағанда, қазір Қазақстан дербестігі мен егемендігі әлдеқайда шектеулі, мүлде басқа мемлекетке айналар еді», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қаңтардағы оқиғадан бәріміздің зор сабақ алғанымыз сөзсіз. Біріншіден, елдегі билік жұдырықтай жұмыла білуге тиіс, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі қажет. Екіншіден, Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек. Олар Отанымызға, яғни, Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс. Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет.