Шығыста алпыс ауыл сапалы интернетке қосылады
Шығыс Қазақстан облысында биыл ауылдар сапалы интернетке қосылады.
Байланыс антенасын орнату мүмкін емес таулы аудандарға заманауи "Starlink" жүйесі орнатылады. Осылайша жергілікті билік өкілдері 2027 жылға дейін өңір тұрғындарын 100 пайыз ғаламтор желісімен қамтимыз деп отыр.
Қазір өңірдегі 132 ауылдың тұрғындары сапасыз байланыстан қиындық көріп отыр. Интернетке қосылмақ түгілі, телефон шалудың өзі мұң . Ғаламтор мәселесі тек аудан мен ауылдарда емес, облыс орлығының өзінде де өзекті.
Айгүл Себепова, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Интернет жоқ. Енді қайтеміз?
- Чтобы скорую вызвать нужно очень сильно постараться, потому что очень слабенькая связь, днем ее не найдешь.
Шемонаиха ауданына қарасты Убинка ауылының тұрғындары ұялы байланыстың қызығын көре алмай отыр. Жергілікті халық бір-бірімен рация арқылы хабарласады.
Дмитрий Безверхний, Убинка ауылының тұрғыны:
- Қазір бізде ұялы байланыс атымен жоқ. Осы мәселені бірнеше жыл көтеріп келеміз. Үйдегі балалар үшін күшейткіштер сатып алдық. Бірақ оның да пайдасы шамалы. Ал өзіміз рация қолданамыз.
Жергілікті билік өкілдері интернет мәселесін биыл шешеміз деп отыр. Яғни кем дегенде 60 ауылға интернет желісі тартылады. Алтай таулы аймағындағы Феклистовка сияқты ауылдарға антенна-діңгек станциялары орнатылады.
Надежда Покидова, Феклистовка ауылының тұрғыны:
- Мұнара орнатылды. Біз үнемі жұмыстың қалай жүріп жатқанын біліп отырамыз. Әрине интернет керек. Балалардың сабағы мен біздің жұмысымыз бар.
Тасты аймақтарға байланыс антенналарын орнату қиын. Сондықтан ондай жерлерге «Starlink» жүйесінің байланысы қосылады.
Индира Баймолдаева, облыстық цифрландыру басқармасының бөлім басшысы:
- Қазір біз облыс орталығына шалғай 45 ауыл интернетке қосылды. Яғни әр ауылға ұялы байланыс орнатуды пысықтап жатырмыз. Бүгінде ауылдарда ұялы байланыс операторларымен лицензиялық келісімдер жүріп жатыр. Тым шалғай елді мекендерге геоспутниктер арқылу байланыс орнату көзделіп отыр.
2027 жылға дейін өңірде 100 мың шаршы шақырымды интернетпен қамту жоспарланған. Әсіресе халық көп шоғырланған ауылдарға басымдық беріледі. Одан бөлек, ескірген байланыс желілері жаңартылады.
Абзал Азаматұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин