Жезқазғанда жылу қазандығы жаңартылды
Жезқазған жылу электр орталығында бір қазандық күрделі жөндеуден өтті.
Жаңарту жұмыстары “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасымен жүзеге асты. Заманауи технологиялармен жабдықталған қазандық сағатына 220 тонна бу өндіреді. Жаңғыртудан соң қазандықтың электр энергиясын өндіру қуаты 40 мегаваттқа көбейді.
Жезқазған жылу электр орталығы 1952 жылы салынған. Ал жаңғыртудан өткен №8 қазандық 51 жыл үздіксіз жұмыс істеді. Осы аралықта бір рет күрделі жөндеуден өткен. Әбден тозған қазандық толықтай жаңарды. Бұл Ұлытау облысы бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан алғашқы жоба. Құны 8,7 млрд теңге.
Аслан Арынов, қала әкімінің орынбасары:
- 90 пайыздан аса тозығы жеткен қазандықты жалпы күрделі жөндеу жұмыстарын және ауыстыру жұмыстарын жүзеге асырылған. Қазір бұл қазандық сынақты режимде жұмыс істеп тұр. Әрине бұл жылу сапасын арттыруға өзінің септігін тигізеді.
Жаңғыртудан соң қазандықтың қуаты артты. Сағатына 220 тонна бу өндіруге қауқарлы. Жөндеуге дейін бұл көрсеткіш шамамен 180 тонна болатын. Сонымен қатар орталықтағы электр энергиясы өндірісін 40 мегаваттқа арттыруға мүмкіндік берді. Ең бастысы жұмысшыларға түсетін салмақ азайды. Басқару жүйесі толықтай автоматтандырылған.
Ермек Жұмақанов, жылу электр орталығының директоры:
- Машинист ескі проект бойынша дәл қазандықтың алдында отыратын. Онда шум болатын және ыңғайсыз. Қазір машинист өзінде отырады. Управлениесі бәрі компьютермен болады. мұнда автоматический система управланиеенгізілді. Бүкіл процестер қолмен жұмыс істелмейді.
Жаңғырту жұмыстарынан соң кәсіпорындағы негізгі құрылғылардың тозу деңгейі 54 пайызға дейін төмендеді. Былтыр бұл көрсеткіш 75 процент болған. 2026 жылы инвестиция есебінен тағы бір қазандық қайта жаңғыртылады. Орталықта жалпы саны 8 қазандық бар. Оның бесеуі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Екеуі әзірге резервте.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев