БҚО-да кәсіптік колледждің жатақханасы салынды
Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында су тасқынының зардабын жою жұмыстары аяқталуға жақын. Қыркүйек айында тұрғын үйлер тапсырылса, жыл аяғында кәсіптік колледж жатақханасының құрылысы аяқталды. Одан бөлек, Жымпты ауылында Өлеңті өзенінің жағасына 9 шақырымға жуық дамба тұрғызылып, ауыл ішіне арықтар салынды.
Құрылысшылар бұзып жатқан мына нысан – кәсіптік колледж жатақханасы. 1968 жылы салынған. Алайда көктемгі тасқын онсыз да тозығы жетіп, әрең тұрған ғимаратты мүлде жарамсыз қылып кетті. Содан бері 30 шәкірт оқу бөлмелерін паналап жүр.
Мәди Жеңісбай, колледж студенті:
- Осында жаттық, оқитын жерде. Біз төменгі кабинетте жаттық. Қазір ертең жаңадан ашылғасын сонда жатамыз ғой. Бөлмелер, ағаштар, едендері шіріп кетті.
Тілсіз жауға төтеп бере алмаған ескі жатақхананың орнына жаңасын салу мәселесі жаздың ортасында ғана шешіліпті. Құрылыс тамыз айында басталған. Жоспарға сай нысан сәуір айында тапсырылуы тиіс. «Алайда келесі семестрді студенттер жаңа ғимаратта қарсы алады», – деп сендірді мердігер.
Ербол Қарағушиев, учаске бастығы:
- Құрылыс құны 670 млн теңге. Қазір 98%-ке жұмыстар аяқталды. Технологиялық жабдықтарды жинау мен сырлау ғана қалды. 13 қаңтарда студенттер каникулдан шыққанда осында орналасады. Қазір ескі жатақхананы бұзып жатырмыз. Ол жерде асханада балалар тамақтанғандықтан, бұған дейін ол ғимаратты демонтаж жасай алмадық.
Тек жатақхана емес, жаңа ғимаратта спорт залы мен акт залы, оқу залы да қамтылған. «7 мамандық бойынша 115 шәкірт білім алатын оқу орнында бұрын дене шынықтыру сабағы тиісті деңгейде өтпейтін еді», – дейді колледж басшылығы.
Рауан Мүтиев, колледж директоры:
- Эксплуатацияға жарамсыз болып танылды. Құлады жарлары. Адам тұрмақ түгілі, кіруге де жарамсыз болып қалды іші. Сол бағытта заманауи жақсы жатақхана салынып жатыр және спорт залы, акт залы бар. Колледждің дене шынықтыру пәні мұғалімдері әр мектепке барып, мектептерден сұрап, жазғы уақытта далада, қысқы күні есік алдына коньки тебеді. Сол жағдаймен жүрді.
Сырым ауданында су тасқыны зардабын жоюмен қатар келер көктемге дайындық та қызу жүріп жатыр. Өлеңті өзенінің жағасына, Өлеңті және Жымпиты ауылдарын қорғай биікті 7 метр жарым, ұзындығы 8,6 шақырымдық бөгет салынды.
Мейрам Қайырғалиев, Жымпиты ауылдық округінің әкімі:
- Ені астыңғы жағы 6, үсті 4 метрді құрайды. Барлығы да саз топырақпен көтеріліп, престеліп, жұмыстар ЖСҚ сай жүргізілді. Жұмыстың 90%-і бітті. Ауылдан өзенге қарай көктем мезгілінде қар суы ерігесін су ағады ғой, соның бәрі ескеріліп, 42 «кольцо» салынды. Сонымен қатар Жымпиты ауылының ішіне арықтар салынды. Оның да 85%-і бітті.
Келер көктемдегі төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 16 ауылда дәл осындай қорғаныс бөгеттері салынды. Оған қажетті 2,9 млрд теңге «Демеу-Қазақстан» корпоративтік қорынан бөлінді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов.