Қостанай облысында 50 ауыл орталық су жүйесіне қосылды
Қостанай облысында былтыр 50 елді мекен орталық су жүйесіне қосылды, деп хабарлайды 24KZ. Соның арқасында ауыл халқын сапалы ауызсумен қамту деңгейі 90%-ке жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай биыл барлық елді мекен тіршілік нәрімен толық қамтамасыз етілуі қажет.
Бұл бірден 8 ауылды орталық су жүйесіне қосу салтанаты. Атап айтсақ, Қостанай ауданының Талапкер, Еңбек, Александров, Мәскеу, Садовый, Қамысты ауданының Адаев, Бестөбе және Қарабалық ауданының Боскөл елді мекендеріне құбыр желісімен су жіберілді. Әр ауылдан бейне байланыс арқылы шыққан тұрғындар ризашылық көңілдерін білдіріп жатты.
Серік Төлегенов, Талапкер ауылының тұрғыны:
- Міне, бүгін су жүргізіп, су бергелі отыр. Халық риза, алғысымызды айтып отырмыз.
Талапкер ауылы облыс орталығынан онша қашық емес. Әрі кетсе 25 шақырым. Бірақ соған қарамастан 30 жыл бойы ауызсуға зәру болып келді. Мұндағы жұрт ауыл сыртындағы су тарату пунктінен тасып ішетін.
Аязбек Салымбеков, Талапкер ауылының тұрғыны:
- Су мәселесі бұл жақта бұрыннан өзекті. Тұрғындар сатып алады. Бір жылдары әр жерден құдық та қазып көрдік. Жерасты суы тіптен жарамсыз. Қыс мезгілі тасып жүрудің қиындығын өздеріңіз білесіздер. Қазір, міне, рақат. Таза су үйлерге кіріп тұр.
Талапкер ауылына 13 шақырымға жуық құбыр тартылған. Бүгінде 119 үйдің жартысына су ішке кіріп тұр. Қалғандары жаз шыға қосылады. Осылайша ауыл жұрты Президент тапсырмасымен іске асып жатқан ауқымды жобалардың игілігін көріп отыр.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін 20 миллиард тенгеден аса қаражат бөлінді. Облыс бойынша 77 жоба іске асырылды. Жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, қалған 35 ауылды облыс бойынша біз толығымен сумен қамтимыз.
Айта кетелік, ауылдарды сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші бойынша Қостанай облысы көш соңында болатын. Қазір жағдай біршама түзелді. Соңғы екі жылдың ішінде 55 мың үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.