Қаңтар оқиғасында музей қызметкерлері 11 сарбазды құтқарып қалды
Алматыдағы мемлекеттік орталық музей қызметкерлері Қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілерге қарусыз қарсы тұрған. Бұл туралы екі жылдан бері айтылып, жазылып жүр. Ұлттық мұраға қауіп төнген күні қызметте болған 14 адам өзгелерді өлімнен арашалап, жәдігерлерді де сақтап қалды. Сол 14 адамның бірі орталық музейдің өрт қауіпсіздік қызметкері – Қанат Нұрмұхаев.
Алматы облысының тұрғыны Қанат Нұрмұхаев Ішкі істер органында 29 жыл еңбек еткен. Отставкадағы капитан 3 жылдан бері Орталық музейдің өрт қауіпсіздік бөлімінде қызмет етеді. 5 қаңтар күні ауысымда болған ол – музейге баса көктеп кірген бүлікшілерден қорықпай, жәдігерлерді қорғап қалған қызметкерлердің бірі.
Қанат Нұрмұхаев, ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің өрт қауіпсіздік қызметкері:
- Жұмысқа кірген кезде ант бердік қой ішкі істер органдарына. Сол антымызға берік болдық деп ойлаймын. Енді мына жерге келген кезде де баяғы сол 29 жыл істеген, қалыптасқан мінез қалып қойған сияқты ғой. Сол алған міндетті аяғына дейін алып шығуға тырысыппыз.
Сол күні кеште Қанат Нұрмұхаев музейдің артқы есігінде күзетте болған. Жағдай ушығып жарақат алған полицейлер мен сарбаздар көмек сұрап келеді. Нәтижесінде әріптестерімен бірге 11 жаралы адамды жертөлеге жасырады. Ал Раушан Күлмағанбетова есімді музей қызметкері алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
«Бұл әрекетті бүлікшілер байқап, біліп қойғанда жағдай қиын болатын еді. Полицейлер мен сарбаздардың және музей қызметкерлерінің өміріне қауіп төнер еді», – дейді Қанат Нұрмұхаев.
Қанат Нұрмұхаев, ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің өрт қауіпсіздік қызметкері:
- Кейін жаңағы сол сарбаздардың, полицейлердің туысқандарымен хабарласып, ұялы байланыспен хабарластым, олар номерін берді. Содан жаңағы туған-туыстарын шақырып, жаңағы азаматтық киім алып келуін... Астына апарып киімдерін ауыстырғызып, қызметтік есіктен шығарып, оларды туысқандары машинаға салып алып кетті.
Орталық музей қалалық әкімдіктің дәл жанында орналасқан. «Әкімдік ғимаратының отқа оранғанын көрген соң әбден есіміз шықты», – дейді. Себебі өрт шықса, мыңдаған жылдық мұраның күлі көкке ұшар еді. Абырой болғанда музейде қалған мамандар қалың топты райынан қайтара білді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев.