Қызылорда облысында бірқатар әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді
Жаңа жылдың алғашқы күндері Қызылорда облысында бірнеше маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
Барлығы да ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеруге бағытталған жобалар. Жаңаарық ауылында «Жайлы мектеп» ашылды. Бұған дейін ауыл балалары 40 жыл бұрын салынған ескі мектепте оқып жүрді.
Жаңарық ауылында 300 орындық «Жайлы мектеп» ашылды. Ұлттық жоба аясында салынған оқу ордасында оқушылардың сапалы білім алып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Ауылдықтар жаңа мектептің салынуын ұзақ күттік, дейді.
Мәжит Тәшімов, Жаңаарық ауылының тұрғыны:
- Алдындағы мектебіміз 1986 жылы соғылған еді, өзі 192 орындық еді. Бірақ соған 518 бала сыйыспағаннан бастап, біз 2013 жылдан бастап осы мектеп мәселесін үлкен жерлерге жеткізіп отырдық. Күн тәртібінен түскен жоқ 11 жылдан бері.
Шиелі ауданындағы архив пен музей ғимараты тиісті талапқа сай емес еді. Мәселені шешу үшін «Руханият орталығы» ашылды. Аумағы 2 мың 588 шаршы метр болатын бұл нысанға аталған мекемелерден бөлек кітапхана, неке қию залы, жастар, ардагерлер мен аналар үйі де орналасты. Салтанатты шарада айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыраны» аудандық музейге табыстады.
Бекболат Әбуов, Шиелі аудандық тарихи-өлкентану музейінің қызметкері:
- Экспонаттың қоры 5 мыңға жақындайды. Қор бөлімінде сақталатын барлық экспонаттарға өзінің температуралық режимінде сақтауға, халыққа қызмет көрсетуге өте ыңғайлы.
Ерболат Дүйсенбаев, Шиелі аудандық архив филиалының басшысы:
- Архивтің бүгінгі таңда орналасқан ғимарат залында құжаттардың сақталуына толық мүмкіндік бар. Ылғалдылық температурасы өз дәрежесінде сақталып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ал Тәжібаев, Бестам, Бесарық және Әбдіғаппар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Сонымен қатар үй кезегіндегі 124 отбасыға пәтер кілті табысталды.
Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев