Абай облысында жұмысшы мамандықтарға сұраныс артты
Абай облысында қарапайым жұмысшыларға сұраныс артты, деп хабарлайды 24KZ. Өңірде 20-дан астам колледж жұмысшы мамандарын оқытады. Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Екі жыл бұрын өңірде тәжірибе түріндегі жүйе енгізіліп, жоғары сынып оқушылары мектеп бағдарламасымен қатар арнаулы оқу орнында білім алып жүр. Осы жүйе арқылы былтыр 60-тан астам түлек жұмысшы мамандығын меңгеріп шықты.
Ярослав Гардиенко Ресейде туып өскен. Екі жыл бұрын Қазақстанға көшіп келгенін айтады. Қазір ана тілімізде еркін сөйлейді. Семейдегі көлік колледжінде техник-электромеханик мамандығы бойынша білім алып жатыр. Болашақта өзі таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді.
Ярослав Гордиенко, студент:
- Мен қазір техник-электромеханик мамандығы бойынша оқып жатырмын. Біз көптеген әртүрлі токарлық станокпен жұмыс істейміз. Жақсы білім алып шығуымыз үшін барлық жағдай жасалған. Оқуымды бітірген соң мен осы мамандық бойынша еңбек еткім келеді. Өйткені өзім таңдаған сала маған ұнайды.
Абай облысында 33 арнаулы білім беру ұйымы болса, соның 20-дан астамы жұмысшы мамандығына оқытады. Биыл бес мыңнан астам студент өндіріске қажетті мамандықты меңгеріп шығады. Білім беру басқармасы мамандарының мәліметінше, колледждер мен техникумдар өндіріс нысандарымен келісімшарт жасасқан. Оқуын тәмамдаған жастар қиындықсыз жұмысқа тұра алады.
Вилена Жақыпбаева, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:
- Қуантарлық жағдай, былтырғы жылға, алдыңғы жылға қарағанда қазір өсім байқалады. Мысалы, геодезия, картография және құрылыс колледжінде былтыр 245 бала қабылданса, биыл 400-ден астам бала қабылданды. Бізде былтырдан бастап эксперименттік жүйе жүріп жатыр. Яғни, 9-сынып оқушысы мектеппен қатар колледжде білім алып жүр. Жұмысшы мамандықтар бойынша.
2024 жылы өңірде 23 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. 282 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтіп, жұмысшы мамандығын меңгерген. Биыл олардың санын арттыру жоспарланып отыр.
Еркебұлан Тұрсын, Еңбек мобилділігі орталығының директоры:
- Оқуын аяқтағаннан кейін өздерінің мамандықтары ұнамай қалса, тағы басқа белгілі себептерге байланысты мамандықтарын ауыстырғысы келетін азаматтар болады. Ондай азаматтар біздің қысқа оқыту курстарына қатысады. Яғни, 3 айдан 6 айға дейәін оқыту курстарынан өткеннен кейін жаңа мамандықтарын алып, жаңа жұмыс орындарына орналасып жатқандар жеткілікті.
Мамандардың айтуынша, биыл техникалық мамандықтарға сұраныстың артқаны байқалады. 6 мыңнан астам жұмыс беруші 14 мың субсидияланатын жұмыс орынын құруға өтінім берген. Жалпы Абай облысында биыл 22 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспары бар.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.