Бір мемлекетте бір уақыт белдеуі болуы тиіс — дәрігерлер

Бір мемлекетте бір уақыт белдеуі болуы тиіс. Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері осындай уәж айтты. Тәжірибелі терапевт Нұрасыл Нұралыұлының ойынша, уақыттың ауысуы өңірдегі медицина мекемелері мен дәрігерлердің жұмысына кері әсерін тигізбеген. «Сондықтан қысқы және жазғы уақытқа көшудің еліміз үшін еш қажеттілігі жоқ», – деді ол.

Дегенмен бұл мәселе 1 наурызға дейін жан-жақты талқыланады. Содан кейін ұсыныстардың қорытындысы бойынша ортақ шешім қабылданады. Ел Президенті «Ana tili» газетіне берген сұхбатында осылай деген еді. Өйткені уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасы мен азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне зияны тимеуі тиіс.

Нұрасыл Нұралыұлы, терапевт:

Халықтың денсаулығына да кері әсері болғанын осы уақытқа дейін байқамадым. Бұл дұрыс шешім деп санаймын өз басым. Ол мәселені әлі де зерттеп, талқылау керек деп ойлаймын. Қонаев қаласына, өзімнің жұмысыма әлі осы уақытқа дейін кері әсері болғанын байқаған емеспін. Мен кейде өз басым 24 сағат жұмыста боламын. Көктемге қарай 6-7-де, жазда 8-9-ға ауысады және халыққа қолайлы деп есептеймін. Бірақ енді басқа өңірлерді, Шығыс Қазақстанды, мысалы, әлі зерттеп қарауға болады деп өз басым ойлаймын.