Петропавлдағы көктемгі тасқыннан кейін қалпына келтірілген бөгет бетон тақтамен нығайтылып жатыр
Петропавл қаласындағы көктемгі тасқыннан кейін қалпына келтірілген бөгет бетон тақтамен нығайтылып жатыр.
Ал оның астына тасқын судан қорғайтын материал төселеді. Топырақ үйіндісі қар ерігенше дайын бола ма? Жұмыс барысымен өңірге жұмыс сапарымен келген Сенат және Мәжіліс депутаттары танысты.
Бұл Петропавлдағы Ойқала шағын ауданын тасқын судан қорғайтын бөгет. Сонау 1960 жылы салынған топырақ үйіндісі былтыр бірнеше жерден бұзылып, үйлерді су басқан еді. Төтенше жағдайдан кейін бірден қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Мұхит Кенжекеев, мердігер ұйымның директоры:
- Қазір топырақ толық төселіп басылды. Техникалық қадағалау мамандары оны әр 20 сантиметр сайын тексеріп отырды. Жұмыс ақпанның ортасына дейін аяқталады. Содан кейін абаттандыруды бастаймыз.
Бұл бөгетті қалпына келтіруге 851 млн теңге бөлінген. Топырақ үйіндісінің биіктігі 7 метрге көтеріліп, ені 6 метрге ұзартылды. Енді жиегіне мыңнан аса бетон тақтасы төселеді. Жұмыс басында сенат және мәжіліс депутаттары болып, көктемгі тасқынға дайындық барысымен танысты.
Еркебұлан Мәмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 1,3 шақырым дамба бөгет жасалып жатыр. Бүкіл құжаттар дайындалып, сараптама өткізілді. Алдымызда тасқындар болса да биіктігін де көтерді сапасын да. Ақ балшықпен көтеріліп 6 метрге дейін сыртқы бетін су келетін жақтан мынау железо-бетон плиткалармен қапталып, үш осындай бөгет жасалып жатыр.
Өңірде көктемгі тасқында бұзылған бөгеттерді қалпына келтіру бойынша жол картасы әзірленген. Оның аясында 32 шақырым гидротехникалық нысан жөнделді. Бұл мақсатқа демеушілердің көмегімен 5 млрд теңге бөлінді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов