Таразда Лэкки есімді ит биыл есірткі іздеуде рекорд орнатты
Полицияның төртаяқты көмекшісі 1 жылда 105 келі марихуана тапқан. Осылайша, ол 20-ға жуық қылмыстың дер кезінде ашылуына себепші болды.
Лэкки полиция департаментінің кинология орталығына күшік кезінде келген. Содан бері тек бір қызметкер баптайды. Себебі сол иесі ғана нұсқама беріп, түрлі тапсырманы үйретуі тиіс. Иісшіл ит қазірге дейін 70-ге жуық жедел шараға қатысқан.
Ержан Көпеков, кинолог:
- Мінезі жақсы, айтқанның бәрін орындайды. Былғары сөмкенің үстіне май жағып тастаған күндер болған. Машинаның майлары бар ғой, сондайды жағып тастаған жағдай да болған. Сол кезде тапқан. Тіс пастасын ағызып, жағып тастаған кездер болған. Сол кезде де іздеген, тапқан. 2 айынан баптаймыз, бір жылдың ішінде өзінің арнайы жұмысына дайын болады.
4 жасар Лэкки есірткінің 4 түрін жатқа біледі. Заңсыз тауарды 300 метр қашықтан сезуге қабілетті. Белгиялық овчарка Жамбылда ғана емес, республикадағы үздік үш иттің қатарына енген. Жалпы еліміз бойынша ең үлкен кинологиялық орталық Тараз қаласында орналасқан. Онда түрлі тұқымдағы 44 ит бар. Биыл олардың көмегімен 6 тонна есірткі тәркіленіп, 500-ге жуық қылмыс ашылды.
Андрей Сухарев, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Полиция департаменті синтетикалық есірткінің таралуы жолын кесуге басымдық береді. Биыл 11 айда иттердің көмегімен синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 18 қылмыс анықталды. Соның ішінде Алматыдан біздің облысқа жеткізілген 5 ірі дерек анықталып, 3 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.
Қызметтік иттер Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде құқық қорғаушыларға үлкен көмек көрсетті. Мәселен Мона есімді ит үйінді астында қалған қос сарбазды тапқан. Сондықтан жеті қазынаның бірі саналатын салпанқұлақтар тек қарапайым адамның ғана емес, сақшылардың да сенімді серігі деуге болады.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә