БҚО-да 11 мәдени нысан салынады
Биыл Батыс Қазақстан облысында бес музей мен алты бірдей мәдени-спорттық кешен салынады. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданындағы ежелгі ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ. Ал елдегі ең көне музейдің бірі Жымпиты ауылында салынған екі қабатты жаңа ғимаратқа көшірілді.
«Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратқа көшірілді. Шамамен 800 шаршы метр болатын аумақ мол мұраға толтырылып, шаң басқан бірегей жәдігерлер қайта орнын тапты. Бұған дейін ескі нысан тар болғандықтан құнды жәдігерлер қорапта сақталған еді», - дейді музей меңгерушісі.
Айнагүл Ойшыбаева, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі:
- Қор бөлмесі мүлдем болған жоқ. Қайда сақтарымызды білмей барлық артық жәдігерлерді қорапшаларға салып, айналамызға жинап отырдық. Қазір 4 бөлмеде бөлек-бөлек ағаш бұйымдарына арналған қор, қағаздар мен құжаттар, кітаптар қоры, ұсақ-түйек темірден жасалған бөлімдер. Арнайы қалпына келтіру бөлмесі секілді бірнеше бөлмелерден тұрады.
«Музейдің жаңа ғимаратында 5 бірдей экспозициялық зал құрылды. Бірі Сырым Датұлына арналса, Қадыр Мырза Әлі мен этнография, археология, соғыс және еңбек ардагерлері қолданған жәдігерлері үшін арнайы бөлімдер қарастырылды. Батырдың балауыз материалдан жасалған жаңа мүсінін келушілер тарапы ерекше қызықтайды»,-дейді мамандар.
Тілеген Отарбаев, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:
- Сырым Датұлының балауыз материалдан жасалған мүсіні осы музей ашылғанда тапсырыспен істелген болатын. Авторы - Айдос Есмағанбетов. Бұл жерде батырдың бойы – 1,85. Негізі батырдың түрі ол кісінің ұрпақтарына қарап, солардың бет-келбетіне сәйкес жасалған.
Музей қоры ауыл тұрғындарының көмегімен толықтырылған. Қазір мұнда 6 мыңнан астам жәдігерді тамашалап, ежелгі тәрихи-мәдени тыныс-тіршілікпен танысуға болады.
Асан Дүйсенғалиев, Жымпиты ауылының тұрғыны:
- Аудандық музейге уақытында өзім қолданған есепшотымды тапсырып отырмын. Бұл есепшот уақытында есеп құралы болды. Ал ағаш-келсаптың тарихы дейтін менің енем осы ауданда жақсы тары қуыратындардың бірі болды. Ағаш келі мен ағаш келсабын атам өз қолымен жасап берген екен.
Былтыр 3 ауылда жеті бірдей мәдениет үйі салынды. Биыл жергілікті билік өкілдерінің айтуынша Бәйтерек ауданында жаңадан клубтар салынып, Жымпитыда кітапхана қолданысқа беріледі. Ел игілігі үшін ескі рухани-мәдени нысандарды қайта жаңғырту ісіне де көп көңіл бөлінбек.
Қуанышбек Мұханғалиев, БҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:
- Биыл осы жұмыстар жалғасын тауып Х.Бөкеева облыстық драма театр мен Островский атындағы драма театрына күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Жалғасын тауып аяқтау көзделуде.
Сонымен қатар биыл бес ауданның аумағында жаңадан музей мен алты бірдей мәдени-спорттық кешеннің құрылысы жоспарланған. «Жоба жүзеге асса, ауыл халқы бұқаралық спортқа бет бұрып, салауатты өмір салтына ден қояды», - дейді сала мамандары.