Жұмысшы мамандықтар жылы: мұнай-газ саласында 22 мың жұмыс орны ашылады
2030 жылға дейін отын-энергетика саласында 83 мыңнан астам тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылады.
Кешенді жоспар аясында 99 жоба іске асырылады. Оның ішінде нақты мұнай-газ саласында техникалық мамандықтарға арнап, 22 мың жұмыс орнын ашу көзделеді. Электр энергетикасында қолға алынған 72 жобада 35 мыңнан астам уақытша және 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкімет отырысында сөз алған энергетика министрі колледждер базасында АЭС-терге қажет мамандықтар оқытылатынын жеткізді.
Алмасадам Сәтқалиев биыл бұл бағытта 4 кәсіби стандарттың әзірленетінін және 29 стандарттың жаңартылатынын атап өтті. Ал электротехника колледждерімен тығыз ынтымақтастықты Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдары – Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институты жүзеге асырады, Кейін колледж студенттері ядролық мамандықтар бойынша өндірістік тәжірибені осы базада өтеді.