Академиялық дербестік жұмысшы мамандар даярлауға жаңа серпін берді
Колледждерге академиялық дербестік берілуі жұмысшы мамандарды даярлау шараларына оң ықпал етіп отыр. Биыл түлектердің 79 пайызы еңбекке тартылған. Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметі осындай. Алдағы уақытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына халықаралық стандарттар енгізіледі.
Аспаздарға нарықта сұраныс төмендеген емес. Өйткені қоғамдық тамақтану орындары күн санап көбейіп келеді. Колледждерде дәл осы мамандықты меңгергісі келетін жастардың қатары да артып жатыр.
Аспаз мамандығы қарапайым жұмыс қана емес, табысты бизнес көзі. Студенттер осындай пікірде. Келер жылы оқуын тәмамдайтын Аягөз өзінің наубайханасын ашуды жоспарлап отыр.
Аягөз Амангелді, студент:
- Қиынға соқпайды. Өзім тамақ істегенді ұнатамын. Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Аспаз мамандығымен наубайхана ашу арқылы айына 1-2 млн теңгеге дейін табуға болады.
Ал Ділназ киім дизайнері болуды армандайды. Келешекте жеке бренд қалыптастырғысы келеді. Осы мақсат жолында колледжде кәсіби білім алып, тәжірибесін шыңдап жатыр. Оқу тегін. Әрі шәкіртақы қарастырылған.
Ділназ Ақанова, студент:
- Күнделікті киетін әдемі, стилді киімдерді нарыққа шығарғым келеді. Ең бастысы сіздің мамандығыңыз сізге ұнау қажет. Өйткені өмір бойы бұл мамандыққа өз уақытыңызды, энергияңызды бересіз. Қазір республикалық «WorldSkills Kazakhstan» байқауы болайын деп жатыр. Соған дайындалып жатырмын.
Астана технологиялық колледжінде үш жыл бұрын небәрі 200 шақты судент болса, қазір олардың қатары 900-ге жеткен. Білім ордасына академиялық дердестік беріліп, оқу бағдарламасы кәсіпорындармен бірлесе дайындалып жатыр. Биыл мұнда алғаш рет гидрогеолог мамандығы бойынша 50 орын бөлінді.
Ләззат Разбекова, Астана технологиялық колледжінің директоры:
- Осы кәсіпорынға қандай маман керек, ол маманды даярлауда қандай бағыттарға ден қою керек, соны ескеріп, өзіміз жасаймыз. Бұрынғыдай министрлікке немесе басқа ЖОО-ларға жалтақтап отырмаймыз. Техник-гидрогеолог мамандығы бойынша Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, су тасқынынан кейін осы мамандықты өзіміздің колледжде ашуды жөн көрдік. Сұраныс жоғары екеніне көзіміз жетті. Тіпті сол орынға келгісі кеп, бірақ орын болмай, келе алмай қалған жастар көп болды.
Қазақстанда 772 колледж жұмыс істеп тұр. Онда жарты миллионнан астам студент білім алады. Биыл колледждерде мемлекеттік тапсырыс көлемі 145 мыңға жетті. Ал түлектердің жұмыспен қамтылу үлесі 79 пайыз болды.
Колледж - 772
Студент - 565 мың
2024 ж. Мемлекеттік тапсырыс - 145 мың орын
Өсім - 12 мың орын
Жұмыспен қамту - 79%
Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын теңдестіретін бағалау жүйесінің жобасын әзірледі. Бұл жүйе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының елдері қолданатын әдіске негізделген. Көшбасшы колледждердің дипломы халықаралық стандарттарға сәйкес болады.