Биыл Атырау облысында ₸900 млн астам атаулы әлеуметтік көмек беріледі
Атырау облысында 2025 жылы 8 мыңдай адамға 900 млн теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек берілетін болады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл былтырғы жылға қарағанда екі есеге жуық артып отыр. Былтыр облыстағы аз қамтылған 849 отбасының 5000-нан астам мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек ретінде бюджеттен 560 млн теңгеге жуық қаржы төленген болатын. Сонымен қатар мұнайлы өңірде 24 мыңға тарта мүгедектігі ресми анықталған азамат тұрады. Олардың қажеттіліктері де әлеуметтік портал арқылы жергілікті бюджет есебінен өтеліп келеді.
Атаулы әлеуметтік көмекке зәру Қалиевтар отбасында 6 жан бар. Нұрдәулет 3-сыныпта, Нәдір 2-ші, Әмір 1-сыныпта оқып жүр Ал, кенжесі Самир келер жылы мектеп табалдырығын аттамақ. Отбасының барлық ауыртпалығын арқалап жүрген жалғызлікті ана Жаншат Қалиева тұңғышы 16 жасар Аружанның сабақтан тыс уақтында еңбек етіп жүргенін айтады. Сондықтан мемлекет қолдауы Қалиевтар отбасы үшін өте маңызды. «Себебі, балалардың құрал-жабдықтарынан өзге ай сайын коммуналдық қызметке 17 мың теңге жұмсалады», - дейді жалғызбасты ана.
Жаншат Қалиева, көпбалалы ана:
- Мен АӘК-тен 49 мың теңге аламын. 50 мыңға жақын. Көп балаға өзінің жәрдемақысы бар тағайыдаған, ол – 73 мың теңге. Енді қосты деп жатыр, ол да 4 мың теңгедей шығар қосылғаны. Бұл кіріс маған жетпейді. Мектеп те көмектесіп жатыр. Киімдері алынып жатыр. Бірақ қысқы киімді алып үлгере алмай қалдық. Біз тек мектепке ғана дайындалдық. Сондықтан Үкіметтің көмегі керек.
Атырау облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны былтыр 5 мыңның шамасында еді. Биыл ол екі есеге ұлғайған. Сондай-ақ түрлі жағдайда мүгедектік алған 24 мыңдай тұлға тіркеуде тұр. Оларды материалдық тұрғыдан қолдау мақастында жергілікті билік биыл да жоспарлы жұмыс бастағандарын айтады.
Жасұлан Бисембиев, облыс әкімінің орынбасары:
- 2025 жылы біз осы төлемдерді өсіруді болжап отырмыз. Бұл біріншіден, АЕК-ке байланысты, екіншіден, АӘК бойынша біздер 8 мыңнан астам азаматтарды қамтуды жоспарлап, 900 млнға жуық қаражатты жергілікті бюджетке жоспарлап қойдық және мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік портал арқылы берілетін құрал-саймандарға, жабдықтарға қаражатты өткен жылмен салыстырғанда пайыздық көрсеткішін арттырып, бұл көмектің түрлері көптеген азаматтарға тиесілі болатындай қылып жоспарладық.
Сонымен қатар жергілікті бюджеттен мүгедектігі бар ересек жандарға жылына екі мәрте 77 мың, ал балаларға жылына үш рет 105 мың теңге көлемінде қосымша қолдау көрсетіліп отырады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин