30 жылдан бері зауытта істейтін шебер қызметтестерінің құрметіне бөленіп отыр

Талдықорғанда тұратын Қажымұрат Сахариев жергілікті зауыттардың бірінде отыз жылдан бері еңбек етіп келеді, деп хабарлайды 24kz.

Қызмет баспалдағынан сатылай көтерілген сала ардагері жастардың бой түзеп үлгі тұтатын азаматына айналған. Бірнеше буынды тәрбиелеген ұстаз-шебер азаматтық болмысымен де қызметтестерінің құрметіне бөленіп отыр.

Алпыстың асқарына шықан Қажымұрат Сахариев биылғы жұмыс күнін жаңа желіні жинақтаудан бастады. Білікті маман қондырғыларды құрастырып болған соң оны сынақтан өткізеді. Әрі тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалайды.

Қажымұрат Сахариев, құрастыру цехының аға шебері:

- Отыз жылдан астам уақыт осы зауытта істеп жүрміз. Осы жұмыстың арқасында зауыттың ұйымы, әкімшілігі бәрі сыйлайды. Мен ойлаймын, осы жұмысқа деген қабілетіміз үшін, жұмысқа деген құлшынысымыз үшін, сол үшін сыйлайды, сыйласымды болып жүрміз.

Саналы ғұмырын өндіріске арнаған ардагердің қарамағында 15 адам жұмыс істейді. Олар Қажымұрат Жанәбілұлын ұстазымыз әрі ақылшы ағамыз деп біледі.

Қуаныш Жанғазин, құрастыру цехының жетекшісі:

- Қажымұрат Жанабілович зейнет жасында, бірақ біз оны жұмыстар жіберіп жатқан жоқпыз. Өйткені ол бізге линияны жүргізуге, жаңа линияны қолдануға, өндіріске енгізуге көп үлесін қосты. Қажымұрат ағаны жұмыс орнында қатты бағалаймыз.

Жіберілген кішігірім кемшіліктің салдарынан тұтас өндіріс тұралауы мүмкін. «Сондықтан әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жүктелетін міндетті сезінуі керек», - дейді ардагер.

Қажымұрат Сахариев, құрастыру цехының аға шебері:

- Әркімнің өзінің қабілеті болу керек. Осы жұмысты атқара білу керек. Бұл жұмыс деген оңай жұмыс емес. Призваниясы болу керек. Сондай балаларды өзім қабылдап, жұмысқа алам.

Қажымұрат Жанәбілұлының жастарға жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отыратын адамгершілігі де бір төбе. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген нағыз маман қажырлы еңбегімен өндірістің өркендеуіне де үлес қосып келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев