Дінмұхамед Бектұрған: Науқастарға жәрдемдесу – парызым
«Кенеттен денсаулығы нашарлаған адамды көрсем, қарап отыра алмаймын. Оларға жәрдемдесу – менің парызым.». Кешеден бері ұшақ ішінде көрсеткен жәрдемі арқылы желі жұлдызына айналған Дінмұхамед Бектұрған осылай дейді.
Себебі бұл оқиға оның өміріндегі алғашқы жағдай емес. Осыдан үш жыл бұрын да Димаш дәл осындай ұшақта тағы бір жолаушыға көмек көрсеткен екен.
Мерей Қанапия, тілші:
- Бұл 10 қаңтар Қызылорда – Астана бағытындағы ұшақта болған жағдай. Әуекомпанияның хабарлауынша, отырғызуға 55 минут қалғанда жолаушы өзін жайсыз сезінген. Бірақ бортсеріктер ұсынған дәрігерлік көмектен бас тартады. Кейін ұшақ әуеге көтеріліп, арада 30 минут өткенде жолаушының денсаулығы күрт нашарлайды.
Шернияз Жалғасбекұлы, куәгер:
- Міндет пен меже бағдарламасының ұжымы кезекті түсірілімнен қайтып келе жатқанбыз. Кенет ұшақта көрші орындықтағы егде жастағы адамның өзін жайсыз сезінгенін байқадым. Екі мәрте стюардессаларға ескерттім. Кейін ол кісінің жағдайы ауырлап, дәрігер қажет болды. Дәрігер бортта болған жоқ. Дей тұрғанмен, қазір білім алып жатқан Дінмұхамед есімді азамат өзінің біліктілігімен жедел көмек көрсетті.
Димаш бұл сәтте ұйықтап жатқанын айтады. Алайда «арамызда дәрігер бар ма?» деген бортсеріктің сұрауынан кейін айналасына көз тастайды. Ешкім табылмағасын науқасқа өзі ұмтылып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Дінмұхамед Бектұрған, студент:
- Сол кездегі күйім бастапқыда алғашқы 10 секунд қобалжу болды. Ситуация ушығып кеткеннен кейін өз-өзімді қолға алып, барлығын алгоритм бойынша универде үйреткендей жасап шықтым. Минутына 104 соққы болды. Сосын 1 минут ішінде оның жағдайы ушығып кетті. Перефириялық пульс сезілмеді, тыныс алу тоқтады. Cол мезетте есіме түскені сердечный реанимация жасау туралы шешім қабылдадым. Ол кісіні орнынан тұрғызып, жерге жатқызып, роциклын бастадым. Кейін ол кісі өз-өзіне келді.
Бұл Димаштың өміріндегі алғашқы жағдай емес. Осыдан 3 жыл бұрын Астана – Ыстамбұл бағытындағы ұшақта да денсаулығы нашарлаған жолаушыға көмектескен.
Дінмұхамед Бектұрған, студент:
- Ол кезде мұндай критикалық ситуация болған жоқ. Бортсеріктің сауалына жауап беріп, барып қарадым. Ауырсыну болды ішінде. Бірақ ондай қатты маңызды емес.
Қазір Димаш желі жұлдызына айналды. Оның ерлігі мен батылдығын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жоғары бағалап, арнайы грамота жолдады. Осылайша, Димаштың қарым-қабілеті пен мамандыққа адалдығы сындарды сәтте абыройын асқақтатты.
Авторлары: Мерей Қанапия, Асхат Қарақойшиев