Атырауда электр желілері жаңғыртылды
Атырау қаласында электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары өз жемісін бере бастады, деп хабарлайды 24kz.
2021 жылы қабылданған «Жол картасы» бойынша облыс орталығын жарықпен қамтамасыз ету мақсатында 90 трансформатор сатып алынған болатын. Оның 80-і орнатылып, қуат көзінің тұтынушыға толық мөлшерде жетуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ облыс орталығындағы «Нұрсая,» Тұлпар» ықшам аудандарына қосымша 32 шақырымдық жерасты электр желісі тартылды. Қалаға жақын ауылдарда ескі электр бағаналарының салдарынан жарық жиі өшетін. Осыған орай былтыр қала іргесіндегі 14 елді мекенде 1500-ге жуық ескі электр бағандары жаңаланды.
Эдуард Оспанов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Яғни, айта кететін болсақ, Самал ықшамдауданы, Еркінқала-2, Балауса, одан бөлек, Ақсай-2, Талғайраң-2-дегі тозығы жетіп тұрған апатты бағаналар ауыстырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Одан бөлек, қазіргі уақытта 6 мыңнан астам апатты бағана анықталып отыр. Осы жылға қаражат сұраттық. Қаражат көзі бөлінген жағдайда ол жұмыстар жалғасын табатын болады.