Оралда жаңа өткел жөндеуді қажет етеді

Оралда теміржол депосы маңындағы автоөткелдің жай-күйіне жүргізушілердің көңілі толмайды, деп хабарлайды 24kz.

Себебі көпірдің орта тұсында деформациялық жіктер бұзылып, шұңқырлар пайда болған. Анықталған ақаулар бойынша былтыр қалалық әкімдіктің бөлім басшыларына айыппұл да салынған. Бірақ нәтиже жоқ.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Жүргізуші рөлде келе жатып, «бір-екі жерде емес, әрбір шов жоғары жаққа шығып кеткен, міне, мына жерде байқадыңыздар ма?»

Мейрамбек Кеңесов Депо ауданындағы автоөткелмен барынша абайлап жүруге тырысады. «Себебі көпір тіректері аралығындағы деформациялық жіктердің ашылған жеріне жоғары жылдамдықпен кеп қалсаң, дөңгелегіңді жаруы ықтимал», - дейді ол.

Мейрамбек Кеңесов, қала тұрғыны:

- Үлкен шұңқырлар пайда болған. Бұл дегеніңіз, халықтың автокөліктерінің дөңгелектеріне зиян келтіреді. Себебі менің де көлігім дөңгелегі «низкопрофильный», яғни, жүргізушілер түсінеді. Ол жерде бір шамамен 50 деген жылдамдықпен жүретін болсақ, дөңгелек жарылып, зақым келеді. Соны жөндеп берсе дейміз.

Көпірдегі ақауға көз жұма қарамай, кемшілікті түзегісі келген Мейрамбек жуырда оқиға орнына полицейлерді шақырып, арыз жазған. Бірақ қаулы толтырудан әрі қарай іс қозғалмаған. Себебі мұндай арыздар былтыр да түсті. Тіпті қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына 20 АЕК көлемінде айыппұл да салынды. 

Берік Молдашев, қалалық полиция басқармасының бөлім басшысының м.а.:

- Былтыр тұрғындардан түскен арыздар бойынша көпірдегі ақауларды жою жөнінде нұсқамалар бердік. Бірақ әкімдік қаржы жоқ деп оны орындамады. Енді биыл тендер өтеді. Жөндеу жұмыстары басталады деп жатыр. Егер уақытылы шара қабылдамаса көліктер бұзылып, апаттар тіркелуі мүмкін.

Жалпы бұл жердегі екі жолақты ескі өткел 2018 жылы төрт жолақты боп қайта салынған. Сол кезде жүргізушілер кептелістен құтылдық деп қуанғандай болды. Бірақ арада алты жыл өтпей нысан қайта жөнделмек. Мамандар көпірдің кепілдік мерзімі 3 жыл екенін, енді мердігердің кемшіліктерге жауап бермейтінін айтып отыр.

Альберт Бекмұхамбетов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Былтыр автоөткелге жөндеу жасағымыз келіп еді. Бірақ су тасқынынан кейін қаржы болмады. Енді биылға жоспарлап отырмыз. Ол жерде италиялық деформациялық жіктер қондырылған. Тап сондайына ауыстырамыз. Көпірдің бұліну себебі былтыр асфальт қабаты отырып кеткендіктен, негізгі салмақ деформациялық жіктерге түскен деп ойлаймыз. Қажетті қаржы көлемін анықтаған жоқпыз.

Оралда жалпы өзенге салынған 3 көпір, ал теміржол үстінен өтетін 5 автоөткел бар. Әкімдік өзге өткелдердегі ақаулардың да биыл жөнделетінін мәлімдеді.

Авторалары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов