Павлодарда «Қауіпсіз аула» акциясы басталды

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және полиция қызметкерлерімен бірлесіп үй аулаларындағы бөгеттерді алып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Тұрғындар өз күштерімен көлік жүретін жолға блок немесе металл конструкциялар орнатады. Бұл арнайы техникалардың жүруіне кедергі келтіреді. «Адам өміріне қауіп төнген кез келген қиын сәтте әр минут шешуші рөл атқарады. Өрт сөндіру немесе жедел жәрдем жолында туындаған кідірістер қайғылы салдарға әкелуі мүмкін», - дейді мамандар. Сондықтан рейд ұйымдастырып, үй аулаларын жасанды бөгеттерден тазартып жатыр.

Тілекжан Галямов, Павлодар қаласы ТЖБ бастығының орынбасары:

- Рейдтің басты мақсаты – осы көпқабатты үйлердің аулаларында орнатылған бөгеттерді алып тастау. Бұл орнатылған жасанды бөгеттер шақыру кезінде біздің қызметкерлердің жедел жетуіне кедергі жасайды. Осы «Қауіпсіз аула» акциясы бойынша кешегі күні алты мекенжай бойынша Павлодар қаласында орналасқан осындай жасанды бөгеттер алынып тасталды.