Әкесі мен төрт бауырынан айырылған жасөспірімге көмек беріледі

Солтүстік Қазақстан облысында өрт кезінде әкесі мен 4 бауырынан айырылған студентке жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Жергілікті билік өкілдері қара жамылған жасөспірімнің оқу ақысын өтеп, баспана беру жолын қарастырып жатыр. Бүгін Ступинка ауылында үйден өрт шығып, 4 бала мен әкесінің денесі табылды. Әзірге жалынның неден тұтанғаны белгісіз. Ол үшін арнайы сараптама жасалады. Қайғылы жағдай болған елді мекен Шал ақын ауданы орталығынан 20 шақырым қашықта орналасқан.

Тимур Әбдірешов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Жерлеу рәсімін ұйымдастыру бойынша облыс әкімдігі барлық қажетті көмекті көрсетеді. Кәмелетке толмаған студентке қазір психологиялық көмек көрсетілуде. Оған колледжде, жатақханада тегін орын беріледі. Онымен қоса материалдық көмек, оқуының ақшасын төлеу бойынша мәселе шешілетін болады.

Еске сала кетсек, осыған дейін СҚО-ның Шал ақын ауданында болған өрттен әкесі мен төрт бала көз жұмғанын хабарлаған едік.