Астанада биыл 50-ге жуық жылы аялдама іске қосылуы мүмкін

Биыл елордада 50-ге жуық жылы аялдама іске қосылуы мүмкін.

Ал қолданыста бар, бірақ жұмыс істемейтіндері жөнделіп, қалпына келтіріледі. Бүгінде қаладағы жабық павльондар қаншалықты жылы? Аялдамалардың күйі қандай?

Альмира Оразбай, тілші:

- Біз қазір Нұрғиса Тілендиев көшесіндегі жылы аялдамалардың бірінде тұрмыз. Мұнда жылы температураны сақтайтын кондиционер бар. Бірақ ол жұмыс істемей тұр. Міне, көріп тұрғандарыңыздай, тіпті есіктің өзі дұрыс жабылмайды.

Сарыарқа ауданына қарасты бұл көшеде автобусын күтіп тұрған жасты да, қартты да көруге болады. Бәрі де аялдамалардың салқындығына шағым айтады. Вандализм әрекеттері де тыйылмай тұр. Былтыр 50-ден астам құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Олардың арасында аялдамаларға зиян келтіріп, қоғамдық тәртіпті бұзғандар да бар.

БЛИЦ

- Жұмыс бабымен келемін осы жерге, объектім бар, жиі келемін. Ылғи салқын болып тұрады. Ол дұрыс емес деп есептеймін. Себебі неге Нұра ауданындағы аялдамалар жылы, жақсы. Ал неге Сарыарқа осындай, шет жақтағы аялдамаға неге қарамайды?

- Анау қарсыдағы аялдаманың терезесін, есігін сындырып кетіпті. Бұл өзіміздің адамдар ғой енді, басқа ешкім емес, келіп сындырып кеткен. Отыратын адамдар сол.

- Автобуспен жұмысқа, жұмыстан үйге. Әр остановкада осылай суық. Адамдар тек желден қорғану үшін кіреді. Астана өте суық қой басқа қалаларға қарағанда. Сол үшін ойлаймын, жылы болуы керек аялдама.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, жылусыз қалған нүктелердің саны көп емес. Жуырда оларды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ал жалпы бір аялдаманы күтіп-ұстау үшін айына 200 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады екен.

Шерхан Амантай, Сарыарқа ауданы әкімдігі Инфрақұрылым бөлімінің бас маманы:

- Аппаратқа «АйКөмек, е-өтініш» жүйелері арқылы шағымдар түседі, аялдамалар бойынша. Бір жерде жылу сөніп қалады, екінші жерде терезе сындырып кетеді. Оны біз оперативті түрде мердігер ұйымына жеткіземіз. Олар 1 аптаның ішінде бәрін іске келтіреді. Енді әрине жылуға 1 күн ғана кетеді, қосуға.

Бір ғана Сарыарқа ауданында 300 мыңнан астам адам тұрады. Оны халқы ең тығыз орналасқан аудан десек те болады. Бұл жерде жылы аялдамаларға деген қажеттілік ерекше байқалады. Ауданда 73 жылыту павильоны бар.

Шерхан Амантай, Сарыарқа ауданы әкімдігі Инфрақұрылым бөлімінің бас маманы:

- Біздің жылы аялдама. Міне, біздің жылытқыш, тепловая дейді орысша. Бұл қыстыгүні істеп тұрады. Міне кондиционер. Мұны жаздыгүні қосамыз, өйткені Астанада жазда да ыстық қой, қатты ысып кетпес үшін. Мынау электрощиток, осы арқылы бәрін құраймыз. Мынау камера. Кешкі уақыт күн түсіп, қараңғы басқанда мынау бүкіл жарық қосылады, жарықтандыру.

- Вандализм әрекеттері болғанда камераның көмегі болады ма, істеп тұр ма ол?

- Қазіргі таңда техникалық ақаулар болып тұр, негізі істеп тұрады.

- Жалпы қала бойынша 200-ден аса жылы аялдама бар. Дегенмен мұның өзі әлі жеткіліксіз. 

Жәнібек Мақсұтов, қала әкімдігі жол қозғалысының қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы:

- Аялдама павильондарын орнату бағдарламасы әзірлеу – аудан әкімдіктеріне жүктелген міндет. Олар жолаушылар ағынына талдау жүргізеді. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы бар орындарда, яғни білім және денсаулық сақтау ұйымдардың маңына орнатуы тиіс.  Жалпы 2022-2024-ші жылдар аралығында 90-ға жуық жылы аялдамаларды орнатты.

Биыл шаһарда тағы 50-ге жуық жылы аялдама бой көтеруі мүмкін. Оның әрқайсына 12 миллион теңгеден жұмсалуы ықтимал. Қазір әкімдік бұл мақсатта арнайы бағдарлама қарастырып жатыр.

Альмира Оразбай, тілші:

- Астананың аязы мен бұрқасыны – қыстың соңғы айы ақпанда күшейетіні жасырын емес. Сәйкесінше термометр бағаны нөлден төмен түседі. Мұндай сәттерде автобусын ұзақ аялдайтын тұрғындарға жылы аялдаманың керегі анық.

Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсеитов