Ұлыбритания шағын АЭС құрылысы жеңілдетіледі

Ұлыбритания үкіметі шағын атом электр станцияларын салуды жеңілдету жоспарын жариялады, деп хабарлайды 24kz

«Бюрократиялық кедергілерге байланысты мемлекет таза және қолжетімді энергия бойынша өзге елдермен салыстырғанда артта қалды», - деді елдің премьер-министрі.

Бастаманың мақсаты –  электр энергиясының бағасын төмендете отырып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Өткен ғасырдың 90-жылдары елдегі атом энергетикасы қуат көзінің шамамен 25%-ін өндірген. Бірақ одан бері бұл көрсеткіш 15%-ке дейін төмендеді және бірде-бір жаңа электр станциясы салынбады. Ал ескірген реакторлар алдағы 10 жыл ішінде қолданыстан шығарылуы керек.

Биліктегілер елдегі атом электр станцияларының құрылысы баяу жүріп жатқанына алаңдаулы. Жоспардан бастап желіге қосылуға дейін 20 жылға жуық уақыт кетеді. Ұлттық ядролық зертханаға барған сапары кезінде премьер-министр бұл процесті тездетуге ықпал ететінін айтты. Жердегі жел электр станцияларын салуға рұқсат беру ережелерін оңайлатқан үкімет енді Англия мен Уэльсте атом энергетикасы өндірісін жедел дамытпақ.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер–министрі:

- Үкімет арнайы бөлінген 8 алаңнан тыс жерлерге алғаш рет ядролық нысандар салуға рұқсат береді. 2032 жылға қарай шағын реакторларды елдің кез-келген аймағында тұрғызу мүмкіндігі туады. Оның жанында мекен ететін халық тарифтері төмен электр энергиясын пайдалана алуы ықтимал.

Шағын атом электр станциялары дәстүрлі модульдік реакторларға қарағанда арзан, әрі құрылысы жылдам жүргізіледі. Энергияны әлдеқайда аз өндіргеніне қарамастан оларға деген сұраныс жоғары. Әлемде қазір 80-ге жуық осыған ұқсас түрлі жоба әзірленуде. Үкімет жоспарына сәйкес жергілікті жерде өндірілген таза электр энергиясы арқылы елдің энергетикалық қауіпсіздігі нығаяды.

Саймон Маршалл, Дүниежүзілік энергетикалық конгрестің өкілі:

- Әлбетте, шағын АЭС құрылысы кезінде және пайдалануға берілгеннен кейін де жаңа жұмыс орындары ашылады. Таза және сенімді энергия көзі энергетикалық тәуелсіздікке жетелейді. Сырттан тасымалданатын қуат көздеріне деген қажеттілік азаяды. Және ең бастысы АЭС экологиялық таза энергия береді.

Құрылыс ережелерін жеңілдету туралы шешім алдыңғы үкімет басшысы Риши Сунактың кезінде қабылданды. Жаңа реакторлардың жобаларын мақұлдауды жеделдету үшін арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Бұл бастаманы «Жасылдар», либералды демократтар және Шотландия ұлттық партиясы қолдамайды. Күмәнмен қарайтындар қатарында қоршаған ортаны қорғаушылар да бар.

Дуг Парр, GreanpeacE UK компаниясының бас ғылыми қызметкері:

- Лейбористер үкіметі ядролық өнеркәсіптің қармағына толықтай ілінді. Ең болмағанда сыни пайымдау тұрғысынан ұсыныстарды тексеруге немесе қандай да бір дәлелдер сұратуға да тырыспады. Ядролық қалдықтарды кәдеге жаратудың шешілмеген мәселелері де көп. Үкімет бұл туралы айтуды мүлдем қажет деп санамайды.

Жалпы Ұлыбритания атом электр станцияларын салу үшін әлемдегі ең қымбат елдердің бірі. Дей тұрғанымен, 2022 жылы бұрынғы Консерваторлар үкімет Суффолк графтығының жағалауында бой көтеретін жаңа ядролық реактор құрылысына рұқсат берді. Өткен жылдың қазан айында Лейбористер үкіметі жобаға қосымша 2,7 миллиард фунт бөлді. Сомерсет графтығында да 2030 жылы пайдалануға берілетін 2 ядролық реактор салынып жатыр. «Өзгерістер инвесторлардың сенімділігін арттырып, жаңа станциялар құрылысына жол ашады», - деп сенеді сала басшылары.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы