Бес жылдан кейін 5 млрд адам таза ауызсудан таршылық көреді – мамандар

Әлемде 5 жылдан кейін 5 миллиардтан аса адам таза ауызсудан таршылық көреді деген болжам бар, деп хабарлайды 24kz

«25 жылдан кейін мәселе тіптен ушығуы ықтимал», - дейді мамандар. Ол кезде су қоймаларының үштен бірі адамдардың пайдалануы үшін жарамсыз күйге түседі деген қауіп басым. Бұдан, әсіресе, Таяу Шығыс, Азия, Еуропа мен Солтүстік Африка елдерінің халқы зиян шегуі мүмкін.

 

Қырғызстанда су тапшылығын азайту үшін жасанды мұздықтар жасалды

Су тапшылығы – Орталық Азия үшін өзекті мәселе. Мысалы, Қырғызстанда бір миллионға жуық тұрғын таза ауызсудан тарығып отыр. Өйткені тіршілік нәрінің көп бөлігі ауыл шаруашылығы мақсаттарына жұмсалады. Себебі ирригациялық жүйелер дұрыс жетілдірілмеген. Қаладағы жағдайға келсек, мұнда сумен жабдықтау желілерінің көбі 1980-жылдары салынған. Сондықтан инфрақұрылымның 70%-тен астамы әбден тозған. Мәселені шешу үшін жылына шамамен 250 млн доллар қажет. Бірақ бөлініп отырған қаржы екі есе аз. Сосын көрші елде климаттың өзгеруінің салдарынан кейінгі 30 жылда мұздықтардың көлемі 30%-ке кеміген. Ауыл шаруашылығындағы тіршілік нәрінің тапшылығын азайту үшін жуырда көрші елде 3 жасанды мұздық құрылған.

 

Грекияда су тапшылығы саяхатшылар демалысының шырқын бұзуы мүмкін

Грекияда да таза ауызсу тапшы. Оған климаттың өзгеруі себеп. Содан рекордтық температулар тіркеліп, қуаңшылық жиілеп кеткен. Бұл ел экономикасына салмақ салып отыр. Өйткені ол туризмге тәуелді. Ал мынадай жағдай шетелдіктердің демалысының шырқын бұзуы мүмкін. Былтыр жазда туристік маусым қызып тұрғанда кейбір аралдар тіпті тіршілік нәрін пайдалану бойынша шектеу енгізуге мәжбүр болған. Ал қазір грек парламенті қонақ үйлердегі бассейндерді теңіз суымен толтыруға рұқсат беретін заң жобасын қарастырып жатыр. Бұл тіршілік нәрін үнемдеу үшін қажет.

 

Газа секторында 1,5 млн тұрғын таза ауызсудан тарығып отыр

Қазір таза ауыз судан тарығып отырған өңірдің бірі Газа секторы. Атыс-шабыс тоқтағанымен, аймақтағы жағдай мәз емес. Себебі қарулы қақтығыстан су инфрақұрылымының көбі бүлінген. Салдарынан1,5 млн палестиналық тіршілік нәрінің тапшылығынан зардап шегіп отыр. Амалы таусылған тұрғындар ауыл шаруашылығы мақсаттарына арналған суды тұтынуға мәжбүр. Соның кесірінен асқазан-ішек жолдары, тері және өзге де түрлі жұқпалы аурулар жиілеп кеткен.

Авторы: Жулдыз Атагельдиева