World Giving Index ұйымы әлемдегі ең қайырымды елдердің тізімін жасады
Былтыр әлемде 4,3 млрд адам жақсылық жасап жарысқан. Мұқтаждарға қарайласып, көмек берген. World Giving Index халықаралық ұйымы осылай дейді.
Бұл тізімді Индонезия бастап тұр. Яғни, индонезиялықтар басқаға қарағанда соғыс пен ашаршылықтан қажыған елдерге бірінші болып көмек қолын созған. Тағы бірнеше мемлекет біз білмейтін құнды қасиеттерімен ерекшеленіпті.
Бірақ адам аласы ішінде. Өзінен артылғанның өзгеге бұйырмағанын қалайтындар да бар. Бұл қалай?
Әр елдің салты басқа деген.
Жапондар қайырымдылық жасауға асықпайды
Жапондықтар көшеде күлімсіреп, өткен-кеткенмен, тіпті бейтаныс жанмен де бас изеп амандасады. Бір қарағанда сыпайы. Бірақ өзгеге келгенде сараң. Charities Aid Foundation дүниежүзілік қайырымдылық индексі келтірген мәліметке қарағанда, 2023 жылдың ең қайырымсыз елі осы Жапония. Адами құндылықтар сарапқа түскен бағдарламаға 142 мемлекет қатысқан. Солардың арасынан Күншығыс елі ең соңғы орынды еншілеген. Өйткені жапон мәдениетінде қайырымдылық жасау дәстүрі өзге елдердегідей емес. Бұл халық «өз мәселеңді өзің шеш» деген қағиданы ұстанады. Жапондар көмек сұрауды әлсіздік деп қабылдауы мүмкін. Олар үшін жеке жауапкершілік пен өзін-өзі қамтамасыз ету – басты құндылық.
Шведтер салқынқанды келеді
Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді. Швед жұртының ұстанымы осы. Бұл халық үшін бейтаныс адаммен әңгіме-дүкен құру зая кеткен уақыт болып есептеледі. Өйткені олар көп сөйлемейді. Сөз тек ақпарат алмасу үшін қажет. Сол себепті көшеде таныстарын кезіктіріп, көз түйістіріп қалмас үшін смартфонға немесе дүкен атауларына қарағансып жүреді. Сатушы немесе даяшымен аңдап сөйлеседі. Көңіл-күйіне қарайды. Әйтпесе, бір ғана сөз қарсы тараптың шамына тиюі мүмкін. Сарапшылар шведтердің ұстамды мінезін ертеректе халықтың сирек қоныстанғанымен байланыстырады. Бұл сонау 1960 жылдан бері қалыптасқан үрдіс. Ол кезде Швецияға баратындар аз болған.
Элли Эдвардсон, коммуникация бойынша маман:
- Шведтер әу бастан әңгімешіл емес. Оларға аз-кем тілдесудің өзі қиынға соғады. Тіпті күн райын сұрай алмайсың. Олар тек қандай да бір тақырып төңірегінде сол саланың маманымен пікір алмасқанды жөн көреді. Мәселен күн райы туралы сөз болса, оны метереологтан сұрау әлдеқайда тиімді деп санайды.
Корейлер көршісімен амандаспайды
Кәрістер де кісікиік. Олар ет жақыны болмаса, жатпен тіл табысуға шорқақ. Тіпті сәлем беруге сескенеді. Өтіп бара жатқан бейтаныс адамға күлімсіремейді. Жүзін ала қашады. Егер әлдекім кездейсоқ аман-саулық сұрасып, күліп қараса да, елемей өтіп кетуге тырысады. Іштей «мен сені білемін бе?» деген сыңай танытады. Мұның басты себебі – олардың адамның жеке кеңістігіне деген құрметі. Сондай-ақ бұл халық үшін ең құнды ресурс – уақыт. Сол себепті қажеті болмаса, бейтаныс адаммен пікір алмасуды жөнсіз санайды.
2024 жылдың ең жомарт елі – Индонезия
Әрине, әр халықтың өз құндылықтары бар. Бізге оғаш көрінген дүние өзгелер үшін қалыпты дәстүр болуы мүмкін. Олардың құрметі, салты, наным-сенімі бөлек. Мысалға индонезиялықтар – ең жомарт халық. Бұл – Charities Aid Foundation ұйымы келтірген мәлімет. Халықаралық құрылым қатысушы әр елдің бейтаныс адамға көмек көрсету, қайырымдылық жасау сияқты құндылықтарын сарапқа салған. Сөйтіп, Индонезия былтыр осымен жетінші жыл қатарынан бірінші орынды иеленген. Кения екінші орынға жайғасса, үздік үштікті Сингапур қорытындылады. Сөйтіп, сингапурлықтар жалпы индекс көрсеткішін 49%-тен 61%-ке дейін арттырды. Сарапшыла мұны елдегі қайырымдылық пен еріктілікті ынталандыруға бағытталған бағдарламалардың нәтижесі дейді.
Индонезиядағы халықтың 90%-і игі іс жасауға ұмтылады. Мұқтаж жанға мейірімін төгіп, қайырымдылық көрсетуге тырысады. 63%-і еріктілер. Бұл ел Таяу Шығыста қақтығыс басталған сәтте Газаға құны 2 млрд АҚШ долларына тең 50 тоннадан астам гуманитарлық жүк жөнелткен елдердің алғашқысы.
Мейірімге мұқтаж жандар көп
Таяу Шығыс демекші, қазір Газа секторында 2 миллиондай адам бір тілім нанға мұқтаж. Әлемнің көп елі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қолдау көрсетіп жатыр. Көмек жермен де, көкпен де, тіпті теңіз арқылы жеткізіледі. Тек әлемде мұндай мейірім төккен жандар ғана емес, қайырымы жоқтар да көп. Соғыс ашып отырғандар да солар. Ал әлгі бір үзім нанға зар, кіріптар жұрттар барда әлемде мейірбандық, ізгілік салтанат құрып тұр деп айтуға келмес.
***
Бұл күн – бір күн халықаралық мейірімділік таныту күнінде біз де айналамызға бір қарасақ, зер салсақ, әрине, артық болмас.