Әлемнің 20 еліне аштық қаупі төніп тұр – ғалымдар
Осы жүзжылдықтың ортасында адамзат аштық зардабын тартуы мүмкін. Әлемдік азық-түлік нарығы геосаяси қақтығыстар мен климат өзгерісінің салдарынан осындай үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Климат өзгерісінің ауыр зардабын жарты әлем тартып отыр. Бұл тығырықтан шығудың жолын іздеп, ғалымдар да бас қатырып әлек. Су тапшылығы әсерінен егіннің бітік шықпауы азық-түлік қауіпсіздігіндегі дағдарысты күшейтуі мүмкін. Мәселен қазір Африкада жүгерінің өнімділігі күрт қысқарды. Соның салдарынан миллиондаған адамға аштық қаупі төніп тұр.
Бет Бекдол, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық бағдарламасының бас директоры:
- 2023-2024 жылдары бидай өнімдері небәрі 4 млн тоннаға дейін жетті. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 46%-ке аз. Көп ұзамай биылғы жылдың егін жинау маусымы басталады. Ал қазір халықтың тең жартысы тойып тамақ ішпейді.
Ғалымдар бұл мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды. Әуелі ауылшаруашылық саласындағы мәселелерді зерттеуді қаржыландыру қажет. Бұл өнім өндірудің тың әдістерін ойлап табуға мүмкіндік береді.
Цитата:
Брайан Шмидт, физика бойынша 2011 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты:
- Бұл мәселе өз шешімін таппайынша, алдағы 25 жыл ішінде миллиардтаған адам аштық зардабын тартуы мүмкін. Сондықтан қазірден нақты шаралар қабылдануға тиіс.
Қазір әлемнің 20 еліне аштық қаупі төніп тұр. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, жер бетінде бір үзім нанға зәру 700 млн адам бар. Жыл сайын 34 млн адам аштықтың салдарынан көз жұмады. Бұл көрсеткіш алдағы 25 жыл ішінде артуы мүмкін. Сондықтан ғалымдар халықаралық қауамдастықтар мен әлем жұртшылығын жұмыла әрекет етуге шақырады.
Авторлары: Динара Орынтай, Фариза Жанғанаева