АҚШ-тағы қазақстандық мигранттар Мексикаға жер аударылады

Әлемде туған жерін тастап, өзге елден пана сұраушы мигранттар қатары күрт артты.

БҰҰ-ның келтірген дерегіне сәйкес, олардың саны осыдан 5 жыл бұрын 281 млн-ға жетті. Көрсеткіш 1990 жылмен салыстырғанда 128 миллионға өскен. Бұл әлем халқының 3,6 пайызы. Бұлай босып жүргендердің дені ер адам. Пайызға шаққанда шамамен 52. Ал қалған 48 пайызы әйелдерге тиесілі. Ал жас ерекшелігі 20 мен 64 жас аралығын қамтиды. Келімсектердің көбі Азия мен Еуропада қоныстанған. Солтүстік Америкада 21, Африкада 9, Латын Америкасы және Кариб теңізінде 5% мигрант тұрады.

1990 ж. 153 млн

2000 ж. 174 млн

2020 ж. 281 млн

Азия 31%

Еуропа 31%

Солтүстік Америка 21%

Африка 9%

Латын Америкасы 5%

Кариб теңізі 5%

Океания 3%

Мигранттар толқыны Америкада

Халықаралық мигранттардың басым бөлігі жайғасып алған аймақ – АҚШ. Америка 1970 жылдан бері келімсектерді қабылдаушы ең негізгі бағыт саналады. Содан бері елде шетелдік тұрғындар саны төрт есе өскен. 1970 жылы 12 млн босқын болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 51 млн-ға бір-ақ жетті. Бірақ Ақ үй басшысы Дональд Трамп таққа келгелі мыңдаған босқын өз Отанына қайтарылды. Заңсыз көші-қонмен күресті міндет тұтқан Трамптың қадағалауымен ақпан айында 11 мыңнан астам адам қамауға алынды. New York Post басылымы келтірген мәліметке қарағанда шекарашылар күніне орта есеппен 360 адамды ұстайды. Бұл бұрынғы Президент қызметіндегі орташа тәуліктік көрсеткіштен үш есе көп.

Д.Трамп мигранттардың аяқ-қолын кісендеп қудалады   

АҚШ-та елге заңсыз кірген 18 мыңға жуық Үндістан азаматы бар. Бұл Америкадағы босқындардың шамамен 3%-ы. Өткен аптада Вашингтонға ресми сапармен барған Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди сонда заңсыз жүрген өз елінің азаматтарын қабылдауға қарсы емес екенін жеткізді. Бұл іске білек сыбана кіріскен Трамп дереу 300-ден астам үнді азаматын өз еліне жер аударды. Сорақысы, АҚШ-тан әскери ұшақпен қудаланғандардың аяқ-қолы кісендеулі болған. Кейінгі 16 жылда Америкадан Үндістанға 15 мыңнан астам үнді қудаланған.

Анкит, Үндістан азаматы:

"Біздің аяқ-қолымызды кісендеп, жүріп-тұруымызға кедергі келтірді. Тіпті, әйелдер мен балаларға да осылай жасады. Жуынбақ түгілі, тамақтану үшін де қолымыздағы бұғаттарды алып тастаған жоқ. 

Д.Трамп 10 мигрантты әйгілі Гуантанамо түрмесіне қамап тастады

Дональд Трамп АҚШ аумағындағы ең қауіпті қылмыскерлерді Гуантанамо шығанағындағы түрмеге қаматты. Әскери базаға алғашқы депортациялық рейспен 10 заңбұзушы жеткізілді. Бұл Венесуэланың Trendy Aragua бандасының мүшелері. Олардың әрқайсысы түрмедегі бос орындарға жайғастырылды. Бірақ терроризмге қарсы іс бойынша қамалғандармен бірге жазасын өтемейді. Әйгілі түрме 2002 жылы құрылған. Бастапқыда онда лаңкестік шабуылға қатысы бар қылмыскерлер отырды. Кейін біртіндеп мигранттар жөнелтіле бастады.

Гуантанамода орын тапшы

Бірақ Гуантанамо түрмесінде бос орын тапшы. Сол себепті Ақ үй басшысы Дональд Трамп тағы 30 мың мигрантты орналастыру үшін әскери базаны кеңейтуді жоспарлап отыр. Ал Мексика билігі АҚШ-тағы азаматтарын онда жіберуге қарсылық танытты. Оның орнына мұндай ауыр топтағы қылмыскерлерді әскери ұшақпен өз еліне қабылдауды жоспарлап отыр.

Хуан Рамон Де Ла Фуэнте, Мексика сыртқы істер министрі:

- Бірде-бір мексикалық қандай жағдай болмасын Гуантанамоға жіберілмейді.  Біз осы бастама туралы жаңалықты ести салысымен АҚШ елшілігіне дипломатиялық хат жібердік. Еліміздің әр азаматын өз Отанымызға қайтарамыз.

АҚШ-ты заңсыз паналап жүрген әр түрлі ұлт өкілдері Панамаға жер аударылды. Бұл бастама Дональд Трамп әкімшілігі мен осы Орталық Америка елі арасындағы келісім аясында жүзеге асырылған. Сөйтіп Ауғанстан, Қытай, Үндістан, Иран, Непал, Пәкістан, Шри-Ланка, Түркия, Өзбекстан және Вьетнамнан келген 120 босқын Панамаға қудаланды. Олар барлық 360 адамды үш рейспен жіберуді жоспарлап отыр.

Қазақстандық мигранттар Мексикаға жер аударылады 

АҚШ-тан жер аударылған шетелдіктер қатарында Қазақстан азаматтары да бар. Бірақ олар биыл емес, былтыр елге оралды. Кейінгі мәліметке сүйенсек, өткен жылдың 9 айында Американың миграция және кеден қызметі рейд барысында 13 қазақстандықты ұстаған. Ал 2020 мен 2024 жылдың қыркүйек айында 106 Қазақстан азаматы қамауға алынған. АҚШ билігі заңсыз  жүрген шетелдіктерге елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр. Заңға бағынбаған жағдайда "Мексикада қалыңыз" саясаты қайта енгізіліп, босқындар миграциялық сотқа дейін Мексикада қалуға міндеттеледі.

Pue Reserch зерттеу тобының мәліметіне сәйкес, АҚШ-та 11 миллионнан астам заңсыз мигрант бар. Барлығын өз Отанына қайтармай, Трамптың тынышталатын түрі жоқ. Ал оның қатаң саясаты жалғасқан сайын, біраз ел байыз таппайын деп тұр.