Ресей мен АҚШ Украинадағы ахуалды реттеу процесін бастайды

Ресей мен АҚШ Украинадағы ахуалды реттеу процесін бастайды. Мәскеу мен Вашингтондағы дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын жандандырады. Бүгін Сауд Арабиясының астанасында өткен келіссөздердің нәтижесі осындай.

 Сауд Арабиясындағы келіссөздер 4,5 сағатқа созылды. Сарапшылар: «Екі жақтың кездесуі үшін корольдіктің таңдалуы бекер емес», – дейді. Владимир Путин де, Дональд Трамп та бұл елмен жақсы қарым-қатынаста. Оның үстіне Сауд Арабиясы АҚШ пен Ресей арасында тұтқын алмасу туралы келіссөздерге қатысқан. Эр-Риядтағы бүгінгі жиынға көрші ел делегациясының құрамында Ресей президентінің көмекшісі Сергей Ушаков, сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысты. Америкалық делегацияны мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап барды. Сондай-ақ Президенттің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майк Уолтц пен АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы уәкілі Стив Уиткофф болды. Тараптар Украинадағы ахуал бойынша бейбіт келіссөздер жүргізетін топ құруға келісті.

Сергей Лавров, РФ сыртқы істер министрі:

- Алдағы уақытта Украинадағы жағдайды реттеу процесін бастаймыз. Ресми Вашингтон америкалықтар атынан кім қатысатынын хабарлау керек. Оның аты-жөні мен лауазымы белгілі бола салысымен біз өз жағымыздан қатысушыны белгілейміз.

Бүгінгі басқосу қорытындысы бойынша АҚШ тарабы да мәлімдеме жасады.

Марко Рубио, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

- Кез келген жанжалды тоқтату үшін оған тараптардың барлығы дайын болу керек. Ол мәселені қазір талқылайын деп жатқанымыз жоқ. Украинадағы ахуалға қатысты келіссөздерге Еуроодақ та қатысу керек. Өйткені одақтың салған санкциялары бар. Біздің мақсатымыз – жанжалды барлық тараптар үшін тиімді жолмен шешу.

Украинадағы ахуалдан бөлек, тараптар екіжақты дипломатиялық қарым-қатынасын қалпына келтіруге уағдаласты. Мәскеу мен Вашингтондағы дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын қайта жандандыратын болды. Сонымен қоса экономикалық ынтымақтастықты талқылап, геосаяси мәселелер бойынша кеңес өткізуге келісті.

Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Дана Нуржан, Шахзод Гамиров.