Ең қиын тілдер сұранысқа ие

Заманның заңғар жазушысы Расул Ғамзатов «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген еді.

Бұған дейін де талай ел тілінен айырылды, тағы қаншамасы соның аз-ақ алдында тұр. Көбі ана тілін ұмытқан. Жалпы ЮНЕСКО ұйымының мәліметі бойынша дүниеде 7 мыңға жуық тіл бар екен. Осы ғасырдың соңына дейін соның тек жартысы ғана қалуы мүмкін. Ал тіл үйрену оңай ма, қиын ба? Тілді қалай сақтап қалуға болады? Ендігі бір үміт - Цифрлық технология. Оның көмегі қандай? Жалпы ана тілін сақтаудың тағы қандай амалы бар? 

Әлемдегі ең қиын тіл – араб және қытай тілі. Нейрофизиологтардың сөзіне қарағанда, бұл екі тіл мидың қабылдауына ауырлық тудырады. Жазылуы да жеңіл емес. Жапон, корей тілдері де жазу жағынан ең күрделісі. Тіпті туғаннан сол тілде сөйлеп, әріп танығандардың өзі қиналады. Сол себепті Жапонияда білім беру мерзімі – он екі жыл. Бұл уақыттың жартысы ана тілі мен математиканы оқытуға арналады. Мектепті тәмамдаған түлек 1850 иероглифті жаттап, емтихан тапсырады. Сол себепті үйрену қиын болғанымен, жаңа айтқан қытай, араб, тағы ағылшын, испан тілдерінен кейінгі мыңжылдықта да қолданыстан түспейді. 

Араб тілі демекші, дүние жүзінде 420 млн адам осы тілде сөйлейді. Құран жазылған жалғыз тіл осы. Әлем бойынша осы тілдің қолданыс аясы кең ел – Мысыр. 82 млн Мысырлық осы тілде қарым-қатынас құрады. Мұнан соң Алжир, Судан, Ирак, Марокко алғашқы бестікке енген. Ал Сауд Арабиясында бар болғаны 28 млн тұрғын араб тілінде пікір алмасады екен. Мұсылман елдерінің дені осы тілді қолданады. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, араб тілі 2050 жылға қарай қолданыс аясы кең тілдер қатарына кіреді деген болжам бар. 

Шведтер өз тілінде сөйлемейді  

Дүние жүзі көп қолданатын сұраныстағы тілдерді айттық. Ана тілін туған жерінде қолданбайтын елдер де бар. Мысалы, Швецияда, швед тілі жоғалып барады. Тақауда Duolingo өз тілінде сөйлемейтін ұлттардың тізімін жасады. Олардың мәліметіне қарағанда, шведтер көбіне испан тілінде сөйлейді. Оған қосымша фин, меянкиели, сами және идиш тілін қолданады. Данияда да осындай жағдай. Халық ана тілін қойып, испан және неміс тілдерін үйреніп жүр. 

Әлемде 2 апта сайын 1 тіл жойылады  

Бара-бара әлемде біраз ұлттың тілі ұмыт болып барады. Яғни әр екі апта сайын бір тіл тіршілігін тоқтатады. Демек, бір жылда 26 тіл ұмытылады. Бұл – халықаралық ЮНЕСКО ұйымының зерттеуі. Бұл әсіресе, сөйлейтін адам саны аз, ресми қолдау мен ресурстары жеткіліксіз шағын елдерде байқалады. 

Владимир Плунгян, ресейлік ғалым, тіл маманы:

-Тілінен айырылған ұлттың дүниетанымы, мәдениеті сол күйі жабық есіктердің ар жағында қалып қояды. Ғалымдар қанша зерттеп, өз болжамдарын айтқанымен, сол тілдің төл өкілі болмаған соң, бұл ұлттың танымына терең бойлай алмайды.

Тіл үйрену құралы  — цифрлық технология

Әр ұлттың танымына терең бойлау үшін оның тілін білу керек. Ал тіл үйренудегі тың көмекші құрал – жасанды интеллект. Оның көмегімен кез келген ұлттың тілін үйреніп, жазу, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға болады. Былай айтқанда, виртуалды тілдесу құралы. Қай тілде тіл қатсаңыз, сол тілде жауап береді. Мұнан бөлек, Duolingo, Memrise, Drops сияқты платформалар да тіл меңгеруді жеңілдетеді. Виртуалды көмекші Siri, Alexa құралдары тіл үйренуді қолжетімді, ыңғайлы әрі интерактивті етеді. 

Тіл білсең, ақша төлейді

Тілді сақтаудың ғылыми әдісі – «тілдік иммунитетті қалыптастыру» теориясы. Мысалы, Ирландия мен Уэльстегі мектептерде иммерсиялық оқыту арқылы тілдің қолдану аясы кеңейген. Яғни мұнда балабақшадан бастап тек ана тілінде білім беріледі. Келесі әдіс - отбасылық трансмиссия, яғни тілді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Бұл отбасында ең алдымен, ана тілін үйрету міндеттеледі. Тілді технология арқылы жаңғырту әдісі де оны сақтауға жағдай жасайды. Ол үшін ана тілінде мобильді қосымшалар, подкасттар жасап, әлеуметтік желіде сол тілдегі контентті көбейту көзделген. Тіл саясатын заңмен қорғау да қажет. Мысалы, Финляндияда швед тілінің статусы заңмен бекітілген. Білім саласында, ресми қарым-қатынаста бірінші қолданылады. Тілді сақтау үшін елге тілді үйретудің бір амалы  - қаржылай қолдау. 

Мысалға, Моңғолияда Ресейден келіп моңғол тілін үйренем дегендерге стипендия төлейді. Бұл үшін екі ел арасында білім, мәдениет және ғылым бойынша үкіметаралық келісім де жасалған. Ал Ұлыбританияның Уельс аймағында осында оралып, уэльс тілін үйренген адамға 5 мың фунт стерлинг төленеді. Бұл біздің ақшаға шаққанда 3 миллион 160 мың теңге. Оған қосымша грант та бар. Яғни ипотекасына немесе пәтерақысына көмектесіп, көлік шығынын өтейді. Тіпті балаларына қарайтын адамға да ақысын төлеп береді.