Мәрмәр теңізі ластанып жатыр
Түркияның солтүстік-батысындағы Мәрмәр теңізі ластанып жатыр.
Кейінгі жылдары теңіз бетін қоқыс пен өндіріс қалдықтары басып қалған. Бұлай жалғаса берсе, теңіздегі тіршіліктің жойылып кету қаупі бар. Сол себепті ғалымдар табиғи апаттың алдын алу үшін экожүйені қалпына келтіріп, теңізден балық аулауға тыйым салуды ұсынды.
Маржаны мол, теңіз тіршілігі әралуан, экожүйесі бай Мәрмәр теңізінің қазіргі жағдайы алаңдатарлық. Өйткені сұлу теңіз қоқысқа толып тұр. Су беті қалдықпен ластанса, теңіз табаны улы химикатпен тұншығып тұр. Өндірістік қалдықтар, егістік суы мен пестицидтің тоқтаусыз ағыны ластану деңгейін одан сайын ушықтырып жіберген.
Мурат Капикиран, Ауыл шаруашылығы инженерлер палатасының төрағасы:
-Теңіздің терең қабаттарындағы ластаушы заттар жылдар бойы жиналып, Қара теңізге жетпей тұрып, Мәрмәр теңізінің экожүйесін бұзуда. Егер жағдай өзгермесе, теңіз тіршілігінен айырыламыз.
Сарапшылардың айтуынша, теңізді ластаушы – Эргене өзенінің су арнасы. Бұрын мұнда ауыл шаруашылығы алқабы суарылатын. Қазір мыңдаған өндірістік кәсіпорынның негізгі ошағына айналған. Ал бұл жерден шыққан қалдықтар тікелей теңізге қарай ағады. Сөйтіп теңіздегі экожүйенің тепе-теңдігі бұзылып, су астындағы тіршілікке қауіп төндіріп тұр.
Мурат Капикиран, Шанхай инженерлік палатасының төрағасы:
-Кейінгі зерттеуге сәйкес, теңізде оттегі деңгейі төмендеп, су экожүйесінде тіршілік ететін жануар саны азайған. Сүңгуірлер: «Теңіздің бұрынғы байлығын енді табу мүмкін емес», - деп дабыл қағып отыр.
Ғалымдар осыдан 4 жыл бұрынғы дағдарыс қайталана ма деп алаңдаулы. Өйткені бұрынғыдай теңізде оттегі төмендеп, беткі қабатында шырыш пайда болған. Ал, 15 метр тереңдікте тұзды қабық анықталыпты.
Синан Исим, сүңгуір:
-Су астына түскенде теңізде тіршілік ететін сан алуан балықты, табиғи рифтер мен тасты құрылымды кездестіреміз деп ойладық. Алайда олай болмай шықты. Біз теңіз астына емес, қала ішіндегі ғимаратқа кіргендей болдық. Теңіз тып-тыныш, рифтер бос қалған, бірақ толығымен бұзылмаған.
2021 жылы Түркия шырыш мәселесін шешу үшін іс-қимыл жоспарын іске қосты. Бастапқыда бұл шара кәдеге асып, судың сапасын жақсартуға көмектесті. Бірақ қауіп-қатерді жоюға қабілетсіз болып шықты. Жағдай қайталанбас үшін мамандар жобаны қайта бекітіп, теңіздің 30 %-ын қорғауға алуды ұсынды. «Сондай-ақ 80 метр тереңдікте балық аулауға тыйым салған жөн», - дейді.
Мурат Капикиран, Шанхай инженерлік палатасының төрағасы:
-Алдағы уақытта теңіздегі оттегі деңгейінің азаю қаупін ескерсек, Мәрмәр теңізі сылдыраған судың емес, сасыған жұмыртқаның иісімен танылуы мүмкін.
Мәрмәр теңізінің тағдыры – түрік ағайынның ғана емес, күллі адамзаттың мәселесі. Оны ластанудан құтқару үшін өндірістік ағындарға қатаң бақылау орнату қажет. «Әйтпесе Мәрмәр теңізі мәңгілік ластану аймағына айналуы мүмкін», - дейді сарапшылар.
Авторы: Әсия Нұрлыбаев