Өзбекстан энергия үнемдеудің ұтымды жолын қарастырып жатыр
Өзбекстан билігі электр энергиясын үнемдеу мақсатында елдегі ірі зауыттар тұтынатын қуат көздеріне шектеу енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл жұмыстар энергияға деген сұранысты бір жылда 5-10 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, ала шапанды ағайындар Атом электр станциясын салып жатыр. 2029 жылы алғашқы реакторды іске қосу жоспарланған. Ал оған қажет отынды сырттан тасымалдамай, отандық уранды пайдалануды көздейді.
Өзбекстанда атом электр станциясын салу үшін халықаралық консорциум құрылады. Бастапқыда Жизақ облысындағы Тузкан көлінде бой көтеріп жатқан энергетикалық нысан Ресейлік технология бойынша салынатын болған. Алайда ресми Ташкент бұл жобаға халықаралық рең беру үшін Қытай мен Еуропа елдерінің заманауи қондырғыларын орнатқысы келеді. Әлбетте көршілердің орта жолда жобаға өзгеріс енгізуінде саяси астар бары жасырын емес.
Азим Ахмедхаджаев, «UZATOM» агенттігінің директоры:
- Негізгі мақсат – адам өмірі мен денсаулығын, жеке және заңды тұлғалардың мүлкін қорғау, сондай-ақ материалдың зиянды әсерінің қоршаған ортаға тигізетін залалын жою. Сондықтан бастапқы кезеңде барлық талап пен ережені мүлтіксіз орындай отырып, пайдаланылған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды атом электр станциясының алаңында уақытша сақтау жоспарланып отыр.
Өзбекстандағы АЭС-тің алғашқы реакторын 2029 жылдың соңында іске қосу жоспарланған. Ал толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді. Халықаралық сарапшылар, ресми Ташкенттің концорциум құру идеясын қуаттап, оның ең тиімді тұсы қауіпсіздікте екенін атап өтті.
Тим Йо, «NNWI» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы:
- Кейінгі 3 жылда біз Еуропалық комиссияға аталған энергия көзінің қауіпсіз әрі таза екенін дәлелдедік. Оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік те дәл осындай пікірде. Аталған ұйым әлем елдерін атом генерациясына бет бұруға үндеп жатыр. Сондықтан қазақстандықтар мен өзбекстандықтарға алаңдауға еш негіз жоқ.
Өзбекстанда соңғы жылдары қуат көзінің жетіспеушілігі ерекше сезіліп жатыр. Мәселен елдегі өндіріс орындары 1 доллардың өнімін жасау үшін электр энергиясын 2,5 есе артық жұмсайтын көрінеді. Үкіметтің ендігі міндеті ескірген энергетикалық жүйелерді жаңартып, ірі зауыт фабрикаларға қуат тұтынуда шектеу енгізу. Осылайша, бір жылда 15 млн клват сағат энергия үнемдеу көзделіп отыр.