Қырғызстан мен Тәжікстан шекара мәселесін шешті

Бішкекте Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекара мәселесін шешіп, тарихи келісімге қол қойды, деп хабарлайды 24KZ. Оған сәйкес тараптар шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келді. Екі елдің арнайы қызмет басшылары мақұлдаған құжат енді екі мемлекеттің президенттеріне қол қоюға ұсынылады.

Айта кетейік, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның жалпы  ұзындығы 970 шақырым. Оның 200 шықырымы келіссөздерге дейін даулы аймақ ретінде саналып келді.

Саймумин Ятимов, Тәжікстан МҰҚК төрағасы:

- Су-энергетика және жол-көлік инфрақұрылымдары бойынша келісімдер дайындалып, бекітілді. Ең маңызды құжат – Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау туралы келісім.

Камчыбек Ташиев, Қырғызстан МҰҚК төрағасы:

- Осылайша біз бүгін келіссөздерді толығымен аяқтадық. Біздің мемлекеттік делимитация және демаркация комиссиялары бүкіл шекара бойынша келісімге келгеніміз туралы ресми мәлімдеме жасады. Осы маңызды жұмысқа атсалысқан екі мемлекеттің комиссия мүшелеріне алғысымды білдіремін.