Коронавирустың жаңа штамы қаншалықты қауіпті?

Коронавирустың жаңа штамы қауіпке айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вирустың мутацияға ұшыраған түрі Латын Америкасындағы Эквадордан да анықталды. Британдық штамм Ұлыбританияның өзінен бөлек бірқатар мемлекетте расталды. Бұған дейін вирустың африкалық штамы жайлы хабарланған еді. Енді жапондық түрі жайлы белгілі болды.

Кеше ғана Ресейде коронавирустың британдық түрін жұқтырудың алғашқы дерегі туралы хабарланған еді. Енді міне, бүгін ғалымдар елде бұған дейін белгісіз, жаңа штамм анықталған болуы мүмкін деп отыр.

Коронавирус тез тараған сайын оның мутацияға ұшыраған жаңа түрлерінің пайда болу мүмкіндігі артады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осылай деп отыр. Жаңа штамм туралы соңғылардың бірі болып хабарлаған ел – Жапония. Мамандар ол британдық және африкалық штамға ұқсас екенін айтады. Вирус Бразилиядан ұшып келген 4 жолаушыдан анықталған. Жергілікті мамандар жаңа штамм болғасын, оның қаншалықты қауіпті екенін нақты айта алмаймыз деген еді. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның салдары ауыр болмайды деп топшылайды. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

– Вирустың жапондық түрі аурудың қатты асқынуына әкеп соқтырмайды. Бірақ вирус тез тараған сайын оның жаңа штамдары көбеюі мүмкін. Ал бұл қауіпті күшейтеді. Өйткені мутацияға ұшыраған жаңа түрлері тез тарайды. Тиісіше науқастар саны артып, ауруханаға түсетін салмақ артады. Сондықтан тағы да айтамыз. Бетперде киіп жүріңіздер. Әлеуметтік қашықтық сақтап, бөлмені жиі желдетіп отырыңыздар.

Жалпы Жапонияда соңғы уақытта эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Коронавирус жұқтырудың күнделікті деректері 7 мыңнан асып кеткен. Әсіресе ел астанасы Токиодағы ахуал күрделі. Өткен аптада қалада және оның төңірегіндегі бірнеше префектурада төтенше жағдай жарияланған. Енді билік тағы 3 өңірде тиісті режим енгізуге ниетті. Ахуал осылай өршіп тұрғанда, Олимпиада өткізудің не керегі бар? деген әңгімелер жиі айтыла бастады. Коронавирустың кесірінен дүбірлі дода былтыр өтпей, 2021 жылдың жазына ауыстырылған. Алайда жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жергілікті тұрғындардың 80 проценттен астамы оның биыл өтуіне қарсылық танытқан. Бірақ билік ақпанда елде вакциналау басталса, бәрі өзгеруі мүмкін дейді.  

Ёсиро Мори, Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің басшысы:

– Біз жоспарға сай дайындықты жалғастырып жатырмыз. Иә, расымен, әлемдегі эпидемиологилық ахуал өршіп тұр. Бірақ жағдай өзгереді. Бәрі дұрыс жақсы болады. Вакцинаға үлкен үміт артып отырмыз.

Ұлыбританияның көптеген ауруханасына COVID-19 диагнозымен түскендер көбейіп барады. Дүйсенбіде 46 мыңнан астам науқас тіркелсе, кейінгі 28 күн ішінде коронавируспен ауырған адамдардың 500-ден астамы қайтыс болған.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Коронавирустың мутацияға ұшыраған өте жылдам тарайтын жаңа түріне байланысты елде жағдай ушығып тұр. Англияда үшінші жалпыұлттық локдаун, ал Лондонда төтенше жағдай жалғасып жатыр. Ұлыбритания астанасының кейбір аудандарында әрбір жиырмасыншы адам ковид жұқтырған деген ақпарат бар. Бұл Ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне салмақ салмай қоймады. Ауруханалар науқастарға толып кету қаупі алдында тұр. Соңғы аптаның өзінде аурулардың саны 50 процентке артқан. Интенсивті терапия бөлімінің дәрігерлері: әсіресе 30 бен 40 жас аралығындағы жастар арасында дертті болғандар көп дейді. Медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі де байқалады. Онкологиялық аурудың асқынған түрімен ауыратындарға операция жасау кейінге қалдырылып жатыр.

Ханифа Набагванья, науқас:

– Ковид - киллер. Ковидтің бары рас. Мен өлуге аз қалдым. Ешқандай аурумен ауырмағам. Ковид мені бірден құлатты.

Кассандра Джордж, Кройдон университеті ауруханасының медбикесі:

– Шыдамымыз қашанға дейін жететіндігін білмеймін. Төсек орын жоқ, медбике жоқ, ештеңе жоқ. Мен қорқайын дедім.

Аса қажет болмаған жағдайда көшеге шығуға, ешкіммен кездесуге рұқсат етілмейді деген талаптарға бағынбай, тіпті көңіл көтеру кештерін ұйымдастырып жатқандар да бар. Алғашқы локдаунға қарағанда кеңсеге барып жұмыс істейтіндер де көбейген. Қоғамдық көлікпен, яғни метромен қатынайтындардың саны 4 есеге артқан. Дүкендерде бетперде кимей жүргендер де жеткілікті. Полиция оларға айыппұл салып жатыр. Пандемияның бірінші толқыны басталғалы Біріккен Корольдік құрамына кіретін Англия мен Уэльстің өзінде ғана осындай 32 мың жағдай тіркеліп, айыппұл салынған. Жалпы оның көлемі біздің ұлттық валютаға шаққанда 116 мың теңгеден басталып, 6 миллион теңгеге дейін жетеді. Полиция локдаун тәртібі нақты жазылмағанын айтады. Нені істеуге болады, нені істеуге болмайтындығын үкіметтің өзі білмейді. Сондықтан қадағалау қиын деп шағымданып жатыр.

Жалпы осы британдық штамм Францияда да анықталған. Алғаш дерек жайлы Рождествода белгілі болды. Сөйтіп бүгінде 30-ға жуық оқиға расталды. Көбі елдің оңтүстік-шығысындағы Марсель қаласында тіркелген. Сондықтан мұнда коменданттық сағат талаптары қатаңдатылды. Ал қазір Францияда жалпыұлттық зерттеу жүріп жатыр. Мамандар оның көмегімен британдық штаммның қалай тарағанын анықтамақ.

Мусса Н'диайе, Баньё қаласының тұрғыны:

– Меніңше, бұл қауіпті штамм. Өйткені мамандар тез тарайтынын айтып отыр ғой. Сонда бір кісі ауруды 5-6 адамға жұқтыруы мүмкін. Сол себепті мен тест тапсыруға келдім. Өзімнің және жақындарымның амандығы үшін алаңдамайтын боламын.

Британдық штамның көрші Ресейде де анықталғаны белгілі. Оны Ұлыбританияға барып қайтқан азамат жұқтырған. Енді мамандар елде мүлде жаңа штамм анықталған болуы мүмкін деп топшылап отыр. Қазір сарапшылар 47 жастағы науқастың оқиғасын жіті зерттеу жатыр. 4 ай ішінде әйелдің ағзасында коронавирустың 18 мутациясы анықталған болуы мүмкін деген күдік бар. Десе де, сарапшылар бұл жіті зерттеуді қажет ететін оқиға екенін айтады. Сондықтан нақты қорытынды жасауға әлі ерте дейді.

Сондай-ақ...