Гаага соты: Нидерландтағы коменданттық сағат дереу алынуы керек

Нидерландтағы коменданттық сағат дереу алынып тасталуы керек. Гаагадағы сот үкімі осы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазы үкіметке қарсы шешім шығарды. Билік парламентпен ақылдаспай-ақ қатаң тәртіп енгізетіндей елде төтенше жағдай болмағанын алға тартты. Сот үкіміне сәйкес биліктің мұндай шешімі адам құқықтарын шектейді.

Айта кеткен жөн, Нидерландта коронавирусқа байланысты коменданттық сағат қаңтардың ортасында енгізіліп, 3 наурызға дейін ұзартылған. Оған сәйкес, тұрғындар кешкі 21:00-ден таңғы 04:30-ға дейін дәлелді себептерсіз тысқа шыға алмайды. Алайда биліктің бұл шешіміне қарсы болған халық ереуілдер өткізіп, мұның соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Осы ретте жергілікті қоғамдық ұйымдардың бірі Гаагадағы сотқа жүгінген. Бірақ Нидерланд Әділет министрлігінің өкілдері сот үкімі мұқият қаралатынын айтады. «Коменданттық сағатты алып тастауға қатысты нақты шешім тек осыдан кейін ғана қабылданады», - дейді.

Герт-Марк Смелт, Гаага округтік сотының ресми өкілі:

- Нидерландта коменданттық сағат төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын заң негізінде енгізілген. Оған сәйкес, министрлер кабинеті парламентпен ақыласпай-ақ шұғыл шешім қабылдай алады. Мұндай жағдайға, мәселен дамбаның жарылуын жатқызуға болады. Алайда коронавирусқа қатысты коменданттық сағат енгізер алдында ешқандай төтенше жағдай болған жоқ. Сол себепті сот оны алып тастау туралы үкім шығарды.