Еуроодақта қатаң шектеулер сақталатын болды

Еуропалық одақта қатаң карантин шектеулері сақталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйымға мүше 27 елдің басшылары қатысқан онлайн саммитте осындай шешім қабылданды. Осымен қатар вакцина шығару көлемін арттырып, халықты дертке қарсы егу жұмысын күшейтуге келісті. Қазірге дейін одақ аумағында 29 миллион адам бірінші дозаны алған. Бірақ екпе ектіргені жөнінде құжат жасау және беру мәселесі ашық күйінде қалды. Ал кездесудің екінші күнінде қауіпсіздік пен қорғаныс және Оңтүстіктегі көршілікті дамыту мәселелері талқыланды.

Шарль Мишель, Еуропалық кеңес төрағасы:

– Қазіргі басты міндет – Еуроодақ аумағында коронавирусқа қарсы вакцинаны шығару мен жеткізуді жылдамдату. Сондықтан Еурокомиссияның екпе шығаратын кәсіпорындармен бірлескен жұмыстарын қолдаймыз. Біз бұл істің ашық болғанын қалаймыз. 

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия президенті:

– Жаз соңына дейін халықтың ересек бөлігінің 70 процентін вакциналап бітіреміз деп үміттенеміз. Бұл – одақтың 255 миллион тұрғыны. Одақтың көп елінде жағдай оңалмай тұр. Жаңа штамдардан сақтануымыз керек. Британиялық штам одақтың барлық еліне тарап кетсе, коронавирустың оңтүстік африкалық түрі 14 елде анықталды. Бұл алда көп қиындық туғызуы мүмкін.