Пандемияның әлем экономикасына әсері қандай?

Мексикада бір миллионнан аса компания қызметін тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себеп – коронавирус. Қазір бұл елдегі жалпы ішкі өнім 8,5%-ке құлдырады. Мұндай жағдай 1931 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр. Алып нарық АҚШ-тың да экономикасы шатқаяқтады.

Ал, Ресейде коронавирустан кітап өндіруші басылымдар зардап шекті. Дегенмен, пандемия біреуге зиян шектіргенмен, біреуге көл-көсір пайда әкелді.

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнен асып кетті. Негізі сарапшылар мұндай жағдай тек 10 жылдан кейін ғана болады деп болжаған. Алайда пандемиямен күреске және ұлттық шаруашылықты қолдауға қыруар қаржы жұмсалған. Салдарынан мемлекеттік борыш 28 триллион долларға жетті. Сарапшылар мұндай жағдай тек Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана болғанын айтады.

Джером Пауэлл, АҚШ Федералдық қор жүйесінің басшысы:

- Негізі қазір экономиканы қалпына келтіру жұмыстары біз ойлағаннан да тезірек жүріп жатыр. Алайда пандемиядан зардап шеккен секторлардағы жағдай өзгешелеу. Жұмыссыздық әлі күнге дейін жоғары деңгейде.

Ал, Ресейде коронавирус салдарынан қағаз тапшылығы туындады. Мемлекет оның 80%-ін сырттан – Қытай мен Еуропа елдерінен әкеледі екен. Бірақ локдаундарға байланысты шетелдік зауыттар өндіріс көлемін азайтқан.

Қазір шектеу шараларының біразы алынып тасталса да, жағдай оңалмай тұр. Өйткені шетелдік өндірушілер ішкі нарыққа қайта бейімделе бастады. Соның салдарынан Ресейде қағаз жетіспей жатыр. Енді жергілікті басылымдар кітаптар биыл шамамен 10-20%-ке қымбаттауы мүмкін екенін ескертеді.

Михаил Сенаторов, «Дубль В» компаниясының бас директоры:

- Қағаз тапшылығынан басылымдар ғана емес, өзге компаниялар да жапа шегіп отыр. Олар тауарларын қаптайтын материалдың жетіспейтінін айтады. Жазға дейін жағдай жақсарады деп ойламаймын. Негізі пандемия салдарынан қағазды шетелден жеткізу жағы қиындады. Өйткені тауар таситын пойыздарды санитарлық өңдеуге көп уақыт кетеді. Былтыр қағазды теңіз арқылы жеткізу шығындары артты. Бір контейнер үшін баға 1,5 доллардан 9 долларға дейін қымбаттады.

Ал, Жапония билігі пандемияның Олимпиадаға экономикалық салдарын есептеді. Олардың айтуынша, дүбірлі дода шетелдік қонақтарсыз өтетіндіктен, бюджет 1 миллиард 300 миллион доллар түсімнен қағылады.

Сейко Хасимото, «Токио 2020» ұйымдастыру комитетінің басшысы:

- Жапониядан тыс жерлерде Олимпиадаға бір миллионнан аса билет сатылған екен. Бірақ қазір елдегі эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Сондықтан ойындарға шетелдік көрермендер қатыспайды. Біз оларға билетке жұмсаған ақшасын қайтарып береміз.

Дегенмен, пандемия кезінде пайда тапқан компаниялар да жоқ емес. Мәселен, америкалық Amazon онлайн дүкенінде былтыр киім саудасы 15%-ке артқан. Салдарынан компания 41 миллиард доллар тапқан. Сарапшылар биыл да онлайн дүкеннің жағдайы жаман болмайтынын болжап отыр. Сөйтіп, 2021 жылы Amazon табысы қазіргі рекордтан да асып түсіп, 45 миллиард долларға жетуі мүмкін. Пандемия кезінде ойын жабдықтарын жасайтын «Рэйзер» технологиялық компаниясы да рекодтық табысқа кенелген. Былтыр алғаш рет оның түсімі бір миллиард доллардан асып кеткен екен. Испандық фармацевтикалық компаниялар да өткен жылы 6,5 миллиард еуро пайда тапқан.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Жаңбыршы